Астана. 15 желтоқсан. BM.KZ — Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Тасқала ауылында күшті жел үш қабатты жатақхананың шатырын ұшырып әкетті.
БҚО әкімдігінен мәлім еткеніндей, оқиға 14 желтоқсан күні сағат 14.00-де Абай көшесі 32-мекенжайында болды.
Ғимарат шатырының жалпы ауданы 1 500 шаршы метр болса, алдын ала мәлімет бойынша соның 600 шаршы метрі жерге түскен.
— Жатақханада 60 бөлме болса, соның 25-інде 57 адам тұрады. Тұрғындарды уақытша орналастыру мәселесі бойынша бір отбасы (2 адам) аудандық «Шұғыла» лагеріне көшуге келісім берді. Басқалары өз бөлмелерінде қалатыны немесе жақын-жуықтарына баратыны жөнінде айтты. Жөндеу жұмыстары 15 желтоқсан күні таңмен басталады, — деп хабарлады ведомстводан.
Әкімдік мәліметі бойынша, сонымен қатар 13 желтоқсан күні Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында аудандық білім беру бөлімі ғимараты шатырының бір бөлігі зақымданды. Оған қоса 14 желтоқсанда Саралжын ауылында мектеп ғимараты бір бөлігінің және Бисендегі мектеп қазандығының шатырлары құлады.
