Жамбыл. 8 тамыз. /Нұргүл Ерғалиқызы/ BM.KZ – Әлеуметтік желіде шырылдап көмек сұраған балалардың видеосы тарады. Олардың айтуынша, бірнеше жылдан бері қорлық көріп келеді. Денесінде көгерген іздер мен жарақаттар бар.
«Бізге көмектесіңіздерші, алып кетіңіздерші, өтінемін. Бізге қой жайғызады. Қой азайып қалса, бізден көреді. Сол қой үшін біз таяқ жейміз. Үстімнің бәрін жара басты. Туған әкеме кетіп қалсам ба деймін. Мұндай қорлықты көрмедім. Телефонымды да тартып алды. Сағатты көшеден өткендерден сұраймыз», – дейді бейнежазбадағы баланың бірі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға Жамбыл облысы Талас ауданына қарасты Қаратау қаласының маңында болған.
Балалардың жанайқайына қоғам белсенділері мен құқық қорғау органдары дереу назар аударды. ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның айтуынша, балалардың қазіргі уақытта қайда тұрып жатқаны анықталған.
«Жасөспірімдерді құлдықта ұстау ақпараты бойынша анықтау жұмыстары жүргізілді. Балалардың тұратын мекен-жайы белгілі. Жамбыл облысы, Талас ауданы. Қазіргі таңда, аймақтық балалардың құқығын қорғау органының өкілдері балаларға жол тартты. Қылмыстық іс қозғалды», — деді Динара Закиева.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл бұл жағдайды ерекше бақылауға алғанын және балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылданатынын жеткізді.
