Астана. 31 қаңтар. BM.KZ – Australian Open турнирінің финалында әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңді. Осылайша Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирін екінші рет жеңіп алды.
Кездесу 2 сағат 18 минутқа созылып, үш сетте 6:4, 4:6, 6:4 есебімен аяқталды.
Соболенко 5 рет эйс жасап, екі қос қателікке жол берді және 8 брейк-пойнттың екеуін сәтті пайдаланды. Рыбакина да 5 эйс жасап, 3 қос қателік жіберді және 6 брейк-пойнттың үшеуін жүзеге асырды.
Елена Рыбакина — әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы; қазіргі таңда «Үлкен дулыға» санатындағы екі турнирдің жеңімпазы (оның еншісінде Уимблдон-2022 жеңісі бар), сондай-ақ, бір «Үлкен дулыға» турнирінің жекелей сындағы финалисі (Australian Open — 2023); жекелей сындағы WTA Қорытынды турнирінің жеңімпазы (2025); және жекелей сында WTA-ның он бір турнирінің жеңімпазы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны Australian Open теннис турнирінің финалындағы жеңісімен құттықтады.
«Сізді спорттағы кезекті тамаша жетістігіңізбен – теннистен Аустралия ашық чемпионатындағы керемет, айқын жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз жеңіске деген ерік-жігеріңіз бен мінсіз шеберлігіңізді тағы да дәлелдедіңіз, бұған бүкіл әлемнің теннис қауымдастығы сүйсіне қарады. Алдағы уақытта да ең беделді турнирлерде жеңіске жете беруіңізге тілектеспін!» – делінген құттықтауда.
