Астана. 26 қыркүйек. BM.KZ – Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Бейжіңде өтіп жатқан WTA-1000 турнирінің үшінші айналымына жолдама алды. Ол америкалық спортшы Кэти Макнеллиді үш сетте жеңді.
Жарыстың 8-ракеткасы ретінде тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемдік рейтингтің 90-сатысындағы америкалық Кэти Макнеллимен кортқа шықты.
Алғашқы партияда Рыбакина 7:5 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте қарсыласы есе қайтарып, 6:4 нәтижесімен таразы басын теңестірді. Үшінші, шешуші партияда қазақстандық спортшы 3:0 есебімен алға шығып, басымдылығын уыстан шығармай, 6:3 есебімен кездесуді аяқтады.
Қос теннисші арасындағы тартысты ойын 2 сағат 30 минутқа созылды. Рыбакина матч барысында 8 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін тиімді пайдаланды. Ал Макнелли 2 эйс пен 3 брейкпен көзге түсті.
Енді Елена Рыбакина турнирдің үшінші айналымында әлемдік рейтингтің 66-сатысындағы германиялық Ева Лиске қарсы ойнайды.
