Астана. 28 қаңтар. BM.KZ – Астанадағы №119 мектепте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жоғары сынып оқушыларына арнап «Заң және шабыт: тағдырды айқындайтын таңдау» тақырыбында профилактикалық кездесу өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Шараны білім басқармасының қолдауымен елордадағы Психологиялық қолдау орталығы мен Байқоңыр ауданының прокуратурасы бірлесіп ұйымдастырған.
Заң бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Қылмыстық кодексте аса ауыр қылмыс жасағаны үшін (оның ішінде адам өлтіру бойынша) 14 жастан бастап жауапкершілікке тартылады. Мәселен, ұрлық жасағаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру болмаса шектеу жазасы, алаяқтық бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы көзделген.
«Өздеріңіз ойлап көріңіздер, бір қылмыс жасағаны үшін 5 жылдан 8 жылға дейін мемлекеттік мекемеде, яғни отбасынан бөлек орында отыру оңай емес. Сол үшін әр әрекетті жасамас бұрын алдымен 10 рет ойланған жөн. Бастысы күмәнді әрекеттен аулақ болу керек», – дейді Байқоңыр ауданы прокуратурасы Қылмыстық қудалау бөлімінің басшысы Мұхтар Өсерхан.
Кездесу барысында Астана қаласы білім басқармасы бөлімінің ұймдастыруымен оқушыларға «Әнші» фильмі көрсетілді. Оның идеясы – позитивті бағдар қалыптастыруға, өзін-өзі көрсетуге, өмірлік жолды саналы түрде дұрыс таңдауға бағытталған. Сондай-ақ, кездесуде сөз сөйлеген спикерлер оқушыларға оңай жолмен ақша табудың салдарын түсіндіріп, мотивациялық ақыл-кеңес берді.
