ESG — Environmental, Social, and Governance – стандарттарымен жұмыс жасау туралы Президент нақты тапсырма берген. Өкінішке орай, тапсырма орындалмады. Бұл туралы «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі, эколог Азаматхан Әміртаев Атырау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың секциясында сөйлеген сөзінде айтты.
Оның айтуынша, «БҰҰ ірі әлемдік компанияларды осы қағидаларды өз стратегияларына енгізуге шақырды.
Шын мәнінде, бұл қоршаған ортаға қамқорлық, әлеуметтік жауапкершілік, корпоративтік басқарудың жоғары сапасы сияқты қағидаттарға құрылған коммерциялық қызметтің тұрақты дамуын қадағалайтын стартегиялық бағыт.
Бізде 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Оған сәйкес бүкіл ел бойынша жасыл экологияны қаржыландырудың ESG-тәжірибелері мен үрдістеріне, яғни экологиялық деректемелер мен бизнеске тартылған инвестицияларға терең талдау жүргізетін мүмкіндік туады.
Өкінішке орай, бұл тапсырма әлі орындалмаған. Үкіметте оған қарасты құзырлы министрлікте тапсырманы орындау бағытындағы жұмысты бастаған да жоқ. Біз «Байтақ» жасылдар партиясы Үкіметке ESG-станттартарын енгізуде бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз»,-деді.