«Forte Bank» АҚ 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебін жариялады. Таза кіріс 116,4 миллиард теңгені құрады. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен артық (97 миллиард теңге).
Бірақ, оның барлығы проценттік табыс, яғни кредит ставкаларының жоғары болуынан келген. Проценттік табыс 193,3 миллиард теңгеге жетіп отыр (2022 жылы – 128,6 млрд теңге).
Forte Bank проблемасы – процентсіз табыстың өспеуінде. Яғни кредиттен басқа өнімдері операциялық табысты өсіре алмады. Банк 2023 жылы комиссиядан 36 миллиард кіріс алған, 2022 жылы да тура сондай нәтижемен шыққан еді. Шетел валютасымен операция жасаудан 32 миллиард тапқан. Бұл да 2022 жылғы көрсеткіштен 17 миллиард теңгеге аз.
Forte банкінің 2023 жылғы табысы түгелімен процент кредиттерінің жоғары болуына байланысты болды. Егер биылдан бастап базалық ставка түсе бастаса және мемлекет ондай табысқа 25% салық салатын норма енгізсе, банктердің алтын дәуірі осымен бітетін болады.