Астана. 12 тамыз. BM.KZ – Францияның солтүстігінде орналасқан Батыс Еуропадағы ең ірі атом электр станциясының жұмысы медузалардың жаппай шабуылы кесірінен тоқтады, деп хабарлайды DW.
«Гравлин» АЭС-і «сорғы станцияларындағы сүзгіш барабандарға медузалардың жаппай және күтпеген шабуылы» салдарынан тоқтатылғаны туралы Франциядағы атом электр станцияларының операторы Électricité de France (EDF) мәлімдеді.
Салқындату жүйесіндегі сорғылардың бітелуі автоматты түрде 4 реактордың істен шығуына әкеп соққан. Ал қазір қалған екі энергоблок техникалық қызмет көрсетіп жатыр.
Зақымданған сүзгілер АЭС-тің ядролық бөлігінен тыс орналасқан. Сондықтан бұл жайт нысандардың, қызметкерлердің немесе қоршаған ортаның қауіпсіздігіне әсер етпеген көрінеді.
Айта кетерлігі, «Гравлин» АЭС-і Кале қаласының маңында орналасқан, әрқайсысының қуаты 900 МВт болатын алты реактордан тұрады. 2040 жылға қарай қуаты 1600 МВт болатын тағы екі реактор салу жоспарланып отыр.
Électricité de France өкілдерінің айтуынша, реакторлар болжам бойынша 14 тамызда қайта іске қосылады. Сонымен қатар, олар елдегі электр тапшылығын тудырмайтынын атап өтті.
Медузалар шабуылы салдарынан атом реакторларының жұмысының тоқтатылуы сирек кездеседі. Францияда соңғы рет мұндай жағдай 1990-жылдары тіркелген. Ұқсас оқиғалар 2010-жылы АҚШ-та, Шотландияда, Швецияда мен Жапонияда болған. Мамандар мәліметінше, соңғы онжылдықта мұхиттардың жылынуы мен балықты шамадан тыс аулауы салдарынан медузалар саны көбейіп, теңіз экожүйесі бұзылған.
