Астана. 2 ақпан. BM.KZ — Грэмми-2026 сыйлығының «Жылдың үздік альбомы» атағын пуэрторикалық рэпер Bad Bunny-дің Debí Tirar Más Fotos альбомы иеленді. Ал Кендрик Ламар тағы екі жүлде жеңіп алып, байқау тарихындағы ең көп марапатқа ие рэпер атанды, деп хабарлайды Deutsche Welle.
Сыйлық иегерлері 2 ақпан, жексенбі күні кешке Лос-Анджелесте өткен «Грэмми» марапатының 68-ші рәсімінде белгілі болды. Қазылар алқасы Bad Bunny-дің аталған альбомын жылдың ең үздік музыкалық туындысы деп таныды. Сонымен бірге ол «Үздік урбан-альбом» номинациясында да жеңіске жетті.
Debí Tirar Más Fotos альбомында пуэрторико музыкасының түрлі элементтері қолданылған. Жинақта АҚШ басқаруындағы аралдың өзекті әлеуметтік мәселелері қозғалады. Альбомдағы барлық әндер испан тілінде жазылған.
Айта кетейік, былтыр «Жылдың үздік альбомы» аталымында Бейонсе Cowboy Carter атты кантри-альбомымен алғаш рет жеңіске жеткен еді.
Ал «Үздік жазба» номинациясында Кендрик Ламар мен әнші SZA бірігіп орындаған luther әні үздік деп танылды. «Үздік вокалдық поп-альбом» жүлдесін Леди Гага MAYHEM жинағымен алса, «Үздік рэп-альбом» аталымында Кендрик Ламардың GNX альбомы жеңіске жетті. Бұл оның мансабындағы 26-шы және 27-ші «Грэмми» жүлдесі болды.
«Үздік жаңа орындаушы» атағы 26 жастағы британдық әнші Оливия Динге берілді. Билли Айлиштің Wildflower әні «Жыл әні» деп танылды. «Үздік поп-соло орындау» жүлдесін Messy әні үшін Лола Янг иеленді. Ал «Жылдың үздік музыкалық бейнебаяны» атағы Doechii орындаған Anxiety клипіне берілді.
