Астана. 9 қыркүйек. BM.KZ — Президент Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимованы қабылдап, Конституциялық сот қызметінің нәтижелері жөнінде мәлімет тыңдады.
Эльвира Азимованың айтуынша, 2,5 жыл ішінде ведомствоға азаматтардан 11 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Конституциялық сот судьялары өтініштерді қарау барысында 5 мыңнан аса құқық нормасын зерделеген. Тексеру қорытындысы бойынша 300-ден астам шешім қабылданған. Соның ішінде заңдар мен басқа да нормативтік актілердің Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан 74 қорытынды қаулы шығарылған. Осылайша, 20 құқық нормасы Конституцияға қайшы деп танылып, 25 құқық нормасына нақты түсіндірме берілген.
Бүгінге дейін заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы 41 нормативтік қаулы орындалды. Қазір Конституциялық соттың 19 нормативтік қаулысындағы құқықтық ұстанымдары ескерілген 8 заң жобасы Парламент палаталарында қаралып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа азаматтар егжей-тегжейлі құқықтық кеңес алу үшін Конституциялық сот аппараты жанындағы Өтініштерді қабылдау орталығына жүгіне алатыны жөнінде баяндалды. Бұған дейін мұндай консультацияларды мыңнан астам адам алды. Орталықтағы заң консультанттары мен адвокаттар азаматтарға тегін кеңес береді.
