Астана. 3 қыркүйек. BM.KZ – «Ақ жол» партиясынан парламент Мәжілісіне жаңадан сайланған депутат Олжас Нұралдинов Қаржы және бюджет комитетінің құрамына енді.
Бұл шешім 3 қыркүйекте өткен палата отырысында қабылданды.
«Орталық сайлау комиссиясының 27 тамыздағы қаулысына сәйкес, Олжас Нұралдинов Мәжіліс депутаты ретінде тіркелді. Ол өз еркімен Қаржы және бюджет комитетінде жұмыс істеуге ниет білдірді», – деді Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева пленарлық отырыс барысында.
Олжас Нұралдинов бұған дейін өз еркімен өкілеттігін тоқтатқан Ержан Бейсенбаевтың орнына келді. Бейсенбаев 2023 жылдың наурызынан бері депутат болған.
Нұралдинов – «Ақ жол» партиясы Алматы қаласы филиалының бұрынғы басшысы. 2023-2024 жылдары Алматы қалалық мәслихатының VIII шақырылымының депутаты, сондай-ақ, қалалық Қоғамдық кеңестің III және IV шақырылымдарының мүшесі болған.
