Астана. 9 қыркүйек. BM.KZ — Үкіметте 2025 жылғы 8 қыркүйектегі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары бойынша отырыс өтті.
Премьер-министр орынбасары Серік Жұманғарин айтуынша, жалпы ішкі өнімді 2029 жылға қарай 2 есеге арттыру мақсатында жоғары инвестициялық белсенділікті ынталандырудағы мемлекеттің белсенді рөлі есебінен экономикалық өсуінің жедел қарқыны қамтамасыз етіледі.
«Үкімет жаһандық бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістер құруға болатын металлургия, автомобиль жасау, теміржол машиналарын жасау, химия өнеркәсібі және мұнай-химия, сирек кездесетін металдарды қоса алғанда, минералдық шикізат базасын толықтыру, сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу сияқты перспективалы бағыттарды айқындады», – деді ол.
Оның сөзінше, аталған салаларда еңбек өнімділігі деңгейі дүние жүзінде өңдеу өнеркәсібі бойынша өнімділіктің орташа деңгейінен едәуір асады және тиісінше экономиканың өсуіне тікелей ықпал етеді.
Осы өлшемшарттарды ескере отырып, салалы министрліктер әкімдіктермен бірлесіп, нарықты нақты түсініп, инвестиция қажеттіліктерімен жобалардың болжамды географиялық орналасуына қарай жобалар тізбесін айқындайды. Инвестицияларға тапсырыс жобаларының жалпы жоспарлаған құны 5 трлн теңгеден асады.
Талдау, құрылымдау және инвесторларды тарту жұмыстарын «Бәйтерек» холдингі жүргізеді. Ұлттық Банкпен бірлесіп, 1 млрд долларға дейінгі бюджетпен Экономиканың жоғары технологиялық салаларына инвестициялау бағдарламасы Ұлттық қор мен екінші деңгейдегі банктердің қаражатын тарту арқылы әзірленеді.
