Астана. 5 қыркүйек. BM.KZ — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдап, елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму барысымен танысты.
Әкімнің мәліметінше, биылғы жеті айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,2 триллион теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 42 пайызға артқан. Кездесуде қала басшысы алда қолға алынатын жаңа жобалар жайлы да атап өткен.
«Биыл жалпы құны 300 миллиард теңге болатын 55 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар 3,6 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», — делінген Ақорда таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, әлеуметтік сала да назардан тыс қалмады. Мәселен, 1 қыркүйекте «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 28 мың оқушыға арналған 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 15 мектеп ашылмақ. Оған қоса, 4716 студентке арналған 8 жатақхананың құрылысы жүріп жатыр.
Ал қаланы абаттандыру бағытында 170 аула мен қоғамдық орын жөнделіп, 1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылған.
Жылыту маусымы басталуына да айға жуық уақыт қалды. Сондықтан да бұл мәселе де назарға алынды. Атап айтқанда, биыл үшінші жылу электр орталығының бірінші кезегі және «Тұран», «Оңтүстік-Шығыс» газ стансалары іске қосылып, шаһардың жылыту қуаты 30 пайызға артпақ. Жыл соңына дейін «Тұран» стансасының екінші кезегін аяқтап, «Тельман» стансасын салу жоспарланған. Сондай-ақ екінші ЖЭО-ны кеңейту және жаңа «Оңтүстік-Батыс» газ стансасын жобалау қолға алынып отыр.
Мемлекет басшысы мегаполис басшысына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дер кезінде дайындауды, жаңбыр кәріз жүйесін реттеуді, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мен қаланы абаттандыруды жандандыруды тапсырды.
