Мамандар «елімізде тағдыры осынша талқыға түскен бірде-бір нысан жоқ» деп отыр.
Арал аймағы апатының басты себебі – 1912 жылы патшалық Ресей қоластындағы отар елдерге Орта Азияның оңтүстігінде мақта егуді жоспарлауы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған идеяны патшалық Ресейдің ауылшаруашылық министрі Кривошейн көтеріпті. Бұл дерекке өлкетанушы Әлібек Сабырбаев тарихи құжаттар арқылы көз жеткізген.
«Қолдан жасалған, жоспарлы түрде патшалық Ресейден басталған Арал теңізін жою КСРО-ның кезінде жоғары қарқынмен жүзеге асты. Бұл туралы ұлт қайраткері Мұстафа Шоқай 1929-1930 жылдары Польша жерінде тұрып жатқанымен, Қазақстан мен Өзбекстанда болып жатқан большевиктердің жергілікті халықты мақта өсіруге күштеп жұмылдырғанын мақаларында ашық жазған. «Бұл кезде Кривошейн Түркістанда жаңа суармалы жерлер ашпай тұрып, Ресейдің мақтаға мұқтажын өтеу мүмкін емес деген қорытындыға келу арқылы, 1909 жылы Түркістанды тексеру сапары кезінде осындай тұжырым жасаған сенатор Граф Паленды сол кезде сынаған пікірін енді теріске шығарды» деп Мұстафа Шоқай жазады. М.Шоқай 100 жыл бұрын ескерткен, біз оны «халық жауының» қатарына қостық, — деп налиды ол.
Кәсіби мамандығы су шаруашылығының инженері болғандықтан Әлібек Сабырбаев көзбен көріп, көңілге түйген ойды көпшіліктің талқысына салғанды жөн санайды. Мақсаты – Арал теңізін (Кіші Аралды) сумен толтыруға барлық мүмкіншілік барын көрсету.
Үкіметтің Кіші Аралдың проблемаларын кешенді түрде шешетін жұмыстарын да тізбелеп көрсетіп отыр.
1) Шекаралас елдермен трансшекаралық бассейндердегі су ресурстарын пайдалану жөніндегі ұзақмерзімді мемлекетаралық келісімдер жасауды қолға алу керек.
2) Сырдария бойында егілетін күріш егістігінің аумағын ғылыми түрде негізге ала отырып, 40-50%-ға дейін азайту керек те, оның орнына ғалымдармен бірлесе отырып, суды аз қажет ететін ауылшаруашылық дақылдары түрлерін анықтап алу керек. Күріш егістігін Жаңақорған, Шиелі және Сырдария аудандардың аумағына егуді ойластырғаны жөн. Сырдарияның төменгі ағысындағы Жалағаш, Қармақшы Қазалы аудандары егістік жерлеріне суды аз пайдаланатын дақылдарды егуді біртіндеп іске асыра отырып жоспарлаған дұрыс. Мысалы, арпа, бидай, тары, жүгері, жоңышқа, қауын-қарбыз, картоп, жуа, т.б. дақылдар. Осы бақшалық дақылдарға жаңбырлатқыш машиналар және тамшылатып суару жүйесі арқылы көшуді тездету керек.
3) Өткен ғасырдың 60-90-жылдары салынған ішкі су жүйесінің іске берілгенін, оның ескергені және тез арада жөндеу қажет екенін ескере отырып, жеке қожалықтардың ішкі су жолдарын жөндейтін техникасының жоқтығына байланысты, ішкі су жолдарын ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің балансына берудің жолын қарастыру керек.
4) Үкімет суды аз қажет ететін ауылшаруашылық дақылдарын еккен қожалықтарға мемлекеттік жеңілдіктерді қарастырып, бірінші кезекте, жиналған өнімді мемлекет сатып алуы керек.
5) Айдаркөлге (Арнасайға) су айдайтын насостарды жобалап, Өзбекстан мен Қазақстан жобалау институтарының мамандары бірлесе отырып шешу керек (құрылысы (СМР), насостың бағасы). Жобалау институтарының қорытындысы бойынша екі жақ бір шешімге келу керек.
6) Аманөткел – Саршығанақ каналы (шамамен 50-60 шақырым) арқылы Саршығанаққа келетін су мөлшері 200 м/сек кем болмау керек. Арнаның алдын ала зерттеу және жобалау жұмыстары жүргізілуі керек.
7) Сырдария арнасын тазалайтын земснарядтарды алудың жолын қарастырып, жергілікті су шаруашылығы мамандарымен бірлесе отырып земснарядтарды тиімді пайдаланудың жоспарын жасау.
8) Жаңадан құрылған ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің жуық арада (2-3 жыл) Кіші Аралды сумен толтыру бас жоспарын жасау керек.
«Осы жұмыстар іске асса, 4-5 жылда Кіші Аралды суға толтыруға барлық мүмкіндік» бар деп есептейді су шаруашылығының маманы.