Астана. 17 ақпан. BM.KZ — Непал билігі әуесқой альпинистерге Эверестке (Хомолунгма, 8 848,86 м) шығуға лицензия беруді тоқтатады, деп хабарлайды Report.
Қазіргі таңда әлемдегі ең биік тау шыңы туристерге лық толы. Олардың арасында танымал блогерлер де, жеткілікті дайындығы жоқ әуесқой альпинистер де бар.
Осы жағдайға байланысты Оңтүстік Азия елінің туризм департаментінің директоры Химала Гаутама Эверест шыңына көтерілуге рұқсат беру талаптары күшейтілетінін мәлімдеді. Енді өтініш берушілер Непал аумағында биіктігі 7000 метрден асатын кемінде бір шыңды бағындырғанын растайтын құжат ұсынуы тиіс.
— Непал тауларының өзіндік ерекшеліктері мен күрделі табиғи жағдайлары бар. Сондықтан альпинистік тәжірибе апат қаупін едәуір төмендетеді, — деді Гаутама.
Билік өкілдері бұл шара арқылы елдегі бағындыруға рұқсат етілген 462 шыңның тартымдылығын арттыруды көздеп отыр.
