Алматы. 3 қыркүйек. BM.KZ – Оңтүстік астанада қазақтың біртуар композиторы, дирижері, күйші, Халық қаһарманы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай мемориалдық музейдің реэкспозициясы өтті.
1979–1998 жылдары ұлы композитор отбасымен бірге тұрған үй бүгінде музей ретінде жұмыс істейді. Мұнда сол заманның ерекше атмосферасы сақталған. Дәл осы шаңырақта Нұрғиса Тілендиевтің әйгілі туындылары дүниеге келіп, шығармашылық кездесулер мен репетициялар өткен көрінеді.
Жаңғыртудан кейін музей аумағы 161 шаршы метрге дейін кеңейіп, екі жаңа заманауи мультимедиялық зал ашылды. Экспозициядан композитордың сирек қолжазбалары, архивтік суреттері мен жеке заттары орын алған.
Экспонаттардың ішінде маэстроға 1934 жылы Ахмет Жұбанов сыйға тартқан аңызға айналған «Дариға-домбыра» туындысы бар. Бұл аспап композитордың жары Дариға Тілендиеваның құрметіне аталып, шабыттың символына айналған. Сондай-ақ, композитордың анасы сыйлаған фортепиано да көрермен назарына ұсынылды.
