«Өскемен әуежайы» акционерлік қоғамының бұрынғы басшылығы қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, мемлекетке жалпы сомасы 157 миллион теңге көлемінде залал келтірді деген күдікке ілінді. Қылмыстық іске қатысты Қаржы мониторингі агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті тергеуді аяқтады.
Тергеу барысында анықталғандай, лауазымды тұлғалар еңбекақыны негізсіз көбейту, жалған сыйақылар беру және жасанды шарттар жасау арқылы қаражатты жүйелі түрде жымқырған көрінеді.
«Бес жыл бойы акционерлік қоғамның бұрынғы президенті мен өзге де лауазымды тұлғалары еңбекақыны негізсіз көбейту, жалған сыйақылар мен жалған шарттар жасау арқылы жүйелі түрде ақша жымқырған. Жымқырылған қаражат кейін касса арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған», — дейді ҚМА.
Мамандар мәліметінше, қоғамға тиесілі көлік құралдары есептен шығарылып, сенімді тұлғаларға нарықтағы бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған. Ал коммерциялық нысандар жалға беру кезінде жеңілдетілген шарттармен рәсімделіп, шығын көлемін ұлғайтқан.
Сот санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 126 миллион теңгені құрайтын мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде төрт пәтер, жер учаскесі және екі автокөлік бар. Қазір күдіктілер қамауда отыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар жария етілмейді.
