Тэчжон, 2024 жылғы 12 наурыз – Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов Тэчжон қаласының мэрі Ли Чжанг Умен кездесу өткізіп, ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.
Сұхбаттасу барысында Қазақстан Елшісі ғылым мен білім саласындағы негізгі басымдылықтарды атап өтіп, екі елдің университеттері мен ғылыми орталықтары арасындағы өзара іс-қимылға назар аударуды ұсынды. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген елдің ғылыми-техникалық әлеуетін кеңейту жөніндегі міндеттері аясында Оңтүстік Кореямен, әсіресе цифрлық трансформация және білікті мамандарды даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің жаңа мүмкіндіктері ашылып жатқандығын атап өтті.
Корей мэрі ең алдымен бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандумға қол қойылған Қызылорда облысымен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді. Қазақстан өңірлері мен Тэчжон қаласының іскер топтары арасында байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлінді.
Сапар барысында Қазақстан Елшісі сондай-ақ Оңтүстік Кореяның жетекші техникалық университеті – KAIST (Korea Advanced Institute of Science & Technology) және ағылшын тілінде оқыту бағдарламасымен танымал Woosong университетіне барды. Екі университет те Қазақстанның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты тереңдетуге және қазақстандық студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынуға мүдделі. Тараптар жаңа бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосу бойынша нақты қадамдарды талқылады.
Анықтама: Тэчжон қаласы Оңтүстік Кореяның ғылыми-технологиялық астанасы болып табылады, онда 100-ден астам ғылыми-зерттеу институттары орналасқан.