Астана. 1 ақпан. BM.KZ – Павлодар қаласында салынып жатқан Ертіс өзені үстіндегі көпірде өрт шықты. Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жылу оқшаулағыш материалдар мен ағаш конструкциялар жанған.
Өрт туралы хабар кешкі уақытта түскен. Оқиға орнына бірнеше өрт сөндіру бөлімшелері жіберілді. Құтқарушылар жеткен кезде құрылыс нысанында жылу оқшаулағыш пен ағаш қалып элементтерінің жанып жатқаны анықталған.
– Өрттің ошағы жер деңгейінен шамамен 30 метр биіктікте орналасқан. Алайда күрделі жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт қысқа уақыт ішінде толықтай сөндірілді, – деп хабарлады Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті.
Өрттің салынып жатқан көпірдің бүкіл құрылымына таралуына жол берілмеген.
Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталады.
