Астана. 29 тамыз. BM.KZ — Бүгін – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Сондықтан ел Президенті атаулы күнді ерекше атап өтті.
Бұл атаулы күнді Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен бекіткен болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы датаға орай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, ядролық сынақтардың қасіретін еске алды.
«Бүгін – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Бұл атаулы күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен бекітті. Халқымыз атом қаруын сынаудан қатты зардап шекті. Мұндай қасірет қайталанбауға тиіс. Біз кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін бейбітшілікті нығайтып, халықаралық әріптестікті дамыта түсуіміз керек. Ядролық қарудан және сынақтардан біржола бас тартуға күш салуымыз қажет. Бейбітшілік пен қауіпсіздік – бүкіл адамзатқа ортақ ең басты құндылықтар», – деп жазды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің парақшасында.
Еске сала кетсек, 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан тарихтағы ең ірі полигондардың бірі – Семей ядролық сынақ полигонын жапқан алғашқы мемлекет болды. Бұл шешім жаһандық ядролық қарусыздану ісінде тарихи қадам саналады.
