Астана. 13 тамыз. BM.KZ – Алматының «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі тарихи жеңіске қол жеткізді. Жауапты матчта қазақстандық команда Словакияның «Слованын» тізе бүктіріп, алғаш рет турнирдің плей-офф раундына шықты.
Кездесу басталғаннан-ақ «Қайрат» шабуылға шықты. Жоржиньоның алғашқы қауіпті соққысы қақпа бағанынан кері қайтты. Дегенмен 30-минутта алаң иелері «Қайрат» қорғанысындағы қателікті пайдаланып, Роберт Мак гол соғып кетті.
Матч әрі қарай тартысты өтті. Кездесуде төреші «Слованға» – 8, ал «Қайратқа» – 4 ескерту берді. Бір эпизодта алматылық қорғаушы Луиш Мата жарақат алып, екінші таймда ауыстырылды.
Ойынның екінші бөлігінде қос команда да бірнеше қауіпті сәт жасады. «Слован» тағы бір рет бағанды дәл көздеді, бірақ таблодағы есеп өзгермеді.
Негізгі уақыт тең аяқталып, ойын қосымша минуттарға созылды. Экстратаймда грузин ойыншысы Георги Зариа да жарақат алып, алаңнан кетті.
Жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Бұл «Қайрат» тарихындағы Еурокубоктағы алғашқы 11 метрлік дуэль. Алматылықтар сапынан Валерий Громыко соға алмай қалса, қарсыластардың екі ойыншысы мүмкіндігін жүзеге асыра алмады. Соңында Жоржиньо шешуші голды соғып, қорытынды есепті 4:3 етті.
Сөйтіп, «Қайрат» енді плей-оффта Шотландияның атақты «Селтигімен» кездесетін болды. Бірінші матч 20 тамызда Глазгода, ал жауапты ойын 26 тамызда Алматыда өтеді.
