Астана. 27 тамыз. BM.KZ – UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне арналған жеребе тарту рәсімі 28 тамыз күні өтпек. Шара қазақстандық уақытпен 21:00-де басталады.
Алматылық «Қайрат» плей-оффта Шотландияның «Селтик» клубымен (0:0, 0:0, пенальтиден – 3:2) тартысты ойын өткізіп, топтық кезеңге жолдама алған еді. Бұған дейін қазақстандық команда іріктеудің алғашқы кезеңдерінде Словенияның «Олимпиясын» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубын (0:2, 3:0), сондай-ақ Словакияның «Слованын» (1:0, 0:1, пенальтиден – 4:3) жарыстан шеттеткен.
Негізгі кезеңге «Қайраттан» бөлек Кипрдің «Пафосы» мен Норвегияның «Буде-Глимті» де жолдама иеленді. Бұған дейін 29 команда топтық кезеңге қатысушылар қатарынан белгілі болды. Олардың ішінде Англияның «Тоттенхэм», «Ливерпуль», «Арсенал», «Манчестер Сити», «Челси» және «Ньюкасл» клубтары, Италияның «Наполи», «Интер», «Аталанта», «Ювентус» командалары, Испанияның «Барселона», «Реал», «Атлетико», «Атлетик», «Вильярреалы», Германияның «Бавария», «Байер», «Айнтрахт», «Боруссия Дортмунд» клубтары бар. Сондай-ақ Франциядан «ПСЖ», «Марсель», «Монако», Нидерландтан ПСВ мен «Аякс», Португалияның «Спортингі», Бельгияның «Юнионы», Түркиядан «Галатасарай», Чехияның «Славиясы» және Грекияның «Олимпиакосы» қатысады.
Тағы үш клубтың есімі 27 тамыз күні өтетін кездесулерден кейін анықталады.
