Астана. 25 тамыз. BM.KZ — Қазақтың табиғи балына Еуропа нарығы қызығушылық танытып отыр. Венгрияның екі ірі компаниясы – Aranynektár Kft және Fulmer Hungarian Honey Ltd – отандық өндірушілермен тікелей жұмыс істеуге ниет білдірді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
2001 жылдан бері жұмыс істейтін венгриялық «Aranynektár Kft»жылына 4 мың тоннаға дейін балды қайта өңдеп, Еуроодақ елдеріне, Таяу Шығыс пен Азияға экспорттайды. Компания өкілдері қазақстандық балдың сапасын жоғары бағалап, сатып алғысы келетінін айтты.
Сонымен қатар, «Fulmer Hungarian Honey Ltd» компаниясымен жеке кездесу өтті. Бұл – ғасырлық тарихы бар отбасылық бизнес, бүгінде Еуропадағы ең ірі органикалық омарта өнімін 40-қа жуық елге шығарады.
Келіссөз қорытындысы бойынша алғашқы 20 тонна балды жеткізу жоспарда. Қазір Мажарстанда 80-нен астам бал үлгісі зертханалық тексерістен өтіп жатыр.
QazTrade мәліметінше, 2024 жылы қазақстандық бал экспорты $1,58 млн құрап, өткен жылмен салыстырғанда 57%-ға өскен. Бүгінде қазақ балы Қытай, Канада, АҚШ, Сауд Арабиясы, БАӘ және басқа да елдердің сөрелеріне жетіп үлгерген.
