Астана. 24 қыркүйек. BM.KZ – Қазақстанда білім беру сапасын арттыру бағытында ауқымды тексеру жұмыстары жүргізілуде. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті 2025 жылы мемлекеттік аттестациядан өтетін 3025 білім беру ұйымын анықтады.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер 1170 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестация жұмыстарын жүзеге асырды. Тексерулер білім беру процесіндегі негізгі проблемаларды анықтауға және оның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауға бағытталған.
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіровтің айтуынша, өткен жылы комитет пен оның аумақтық департаменттері 2487 білім беру ұйымында түрлі сипаттағы тексерулер жүргізген. Олардың қатарына мемлекеттік аттестаттау, профилактикалық бақылау және азаматтардың шағымдарына байланысты жоспардан тыс тексерулер енген.
«Тексеру нәтижесінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарынан уақытылы өтпеуі, сондай-ақ мектептердің материалдық-техникалық базасының талапқа сай жабдықталмауы сияқты бірқатар мәселелер анықталды», – деді Серік Әшіров.
Комитет мәліметінше, бақылау іс-шараларының басты мақсаты – білім беру сапасын қамтамасыз ету ғана емес, педагогтердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ білім беру ұйымдарының қызметін заңнамалық талаптарға сәйкестендіру болып табылады.
