Астана. 8 тамыз. BM.KZ – Бүгін Алматы облысындағы Үлкен ауылында Қазақстан тарихындағы алғашқы АЭС құрылысы салтанатты түрде басталды. Шара басында ұйымдастырушылар нысанның макетін таныстырып, оның болашақтағы көрінісін журналистерге көрсетті.
Құрылыстың басталу салтанатына Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев және Қазақстан Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қатысты.
Агенттік төрағасының айтуынша, АЭС құрылысына тартылған жалпы инвестиция көлемі шамамен 14-15 млрд долларды құрайды. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар мен заманауи инфрақұрылымға қосымша 1 млрд доллар бөлінбек.

«Росатом» инжиниринг дивизионының мамандары Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясы салынатын аумақта барлау жұмыстарына кірісті. Осылайша алғашқы қадам ретінде олар жер қыртысын зерттеу үшін ұңғыма бұрғылап, топырақтың сынамаларын жинап бастады.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл зерттеу аумақтың сейсмикалық тұрақтылығын, жер асты суларының ерекшеліктерін және басқа да маңызды көрсеткіштерін анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай талдау – болашақ нысанның қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімді жұмысын қамтамасыз етудің басты талаптарының бірі.
Жоспар бойынша, барлау кезеңінде тереңдігі 30-120 метр аралығындағы кемінде 50 ұңғыма бұрғылануы тиіс. Алынған мәліметтер негізінде АЭС-тің нақты орналасатын орны бекітіледі.
