Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ресей азаматын аса ірі көлемдегі ақшаға қатысты трансұлттық ұйымдасқан топты құрып, басқарғаны және қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Баймедиа.кз.
Астана соттарының дерегінше, Ресей Федерациясының азаматы К, 2016 жылдың наурызы мен 2017 жылдың маусым айы аралығында басқа адамдармен бірге трансұлттық ұйымдасқан топтың құрамында алдын ала сөз байласу арқылы қаржы пирамидасын құрып, салымшыларды тартты.
Бұл тұлғалар «Questra Holding ins» компаниясы құрылып, ол 2016 жылы бірі инвестициялық компания ретінде – «Atlantic Global Asset Management», екіншісі брокерлік компания – «Questra World» болып екі компанияға бөлінді.
Қылмыстық іс-әрекеттердің нәтижесінде қылмысқа қатысушылармен Қазақстанның 529 азаматына жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден астам материалдық залал келтірді. Олар өз кезегінде жоғарыда аталған адамдарға және басқа да белсенді агенттерге сеніп, алданып, компанияның ойдан шығарылған инвестициялық жобаларына өздерінің жеке ақшалай қаражаттарын салған.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді. Прокурор бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы бұл ұйымдарға ешқандай қатысы жоқ екенін атап, кінәсін мойындамады. Қорғаушы тарап сотталушы К-ны ақтауды сұрады.
“Сот сотталушының жас балаларының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен К есімді ер адам ҚК 264-бабының (Трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) 1-бөлігінде және 217-бабы (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) 3-бөлігінің 1, 2) тармақтарындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Жасалған қылмыстардың ауырлығы мен мән-жайларын, жәбірленушілердің пікірін ескере отырып, сот сотталушыға қылмыстар жиынтығы бойынша ҚК-нің 58-бабына сәйкес (Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау) 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады”, – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.