Астана. 12 ақпан. BM.KZ — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өткен терроризмге қарсы бөлімшелер арасындағы UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысында үздік нәтиже көрсеткен қазақстандық командаларды құттықтады. Бұл туралы ҚР президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияр өзінің Telegram парақшасында жазды.
Хабарлама бойынша, Kazakhstan C командасы беделді турнирдің абсолютті жеңімпазы атанса, Kazakhstan A жалпы есепте екінші орынды иеленді.
— Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік күзет қызметі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінен жасақталған құраманың кәсіби, физикалық, жауынгерлік даярлығы және отаншыл рухы жоғары деңгейде екенін, сондай-ақ сарбаздардың жеңіске деген ерік-жігерін ерекше атап өтті, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар мемлекет басшысы 48 елден 109 команда қатысқан жарыста ел намысын абыроймен қорғаған арнайы жасақ жауынгерлеріне тиісті құрмет көрсетілетінін айтты.
