Астана. 5 қыркүйек. BM.KZ – Болгарияның Шумен қаласында IX Еуропалық жасөспірімдер информатика олимпиадасы (EJOI-2025) өз мәресіне жетті. Биылғы сайысқа 24 елден 100-ден астам жас бағдарламашы қатысып, барлығы 52 медаль сарапқа салынды.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан құрамасы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, барлық төрт қатысушысы жүлдегер атанды. Ел намысын қорғаған оқушылар бір күміс және үш қола медаль иеленді. Күміс медальді Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Құрмет Әбілмансұр жеңіп алды. Ал қола медальдарды Көкшетау қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Шаймерден Нұрәлі, Өскемен қаласындағы осы аттас лицейдің оқушысы Юсупов Саят және тағы бір көкшетаулық оқушы Мұғжан Дінмұхаммед еншіледі.
Жас таланттарды жарысқа тәжірибелі тәлімгерлер – Қазақ-Британ техникалық университетінің ассистент-профессоры, PhD Әлімжан Аманов пен республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, спорттық бағдарламалау чемпионы Батыр Сардарбеков дайындаған.
