BAYTAQ жасылдар партиясы АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабында конференция өткізді.
Партия төрағасы Азаматхан Әміртаевтың тапсырмасымен экология жанашырлары халықтық штабта бас қосып, АЭС Қазақстанға не береді, оның қандай мүмкіндіктері бар, деген сауалдарға жауап іздеді. Аталмыш шараға партия өкілдерінен бөлек, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Шарада сөз алған «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС жетекші инженері Құмар Аусенов Қазақстандағы АЭС құрылысы жобасының қазіргі жағдайы жайлы айтты. Ал ҚР Энергетика министрлігі Қоғамдық кеңесінің Энергетика және атом өнеркәсібі комитетінің төрағасы Еркебұлан Қожмамбетов АЭС энергетикалық тәуелсіздігі жайлы түсіндіріп өтті. Оның сөзінше Қазақстанға бір емес, үш АЭС керек.
Жиын барысында BAYTAQ жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев зум арқылы байланысқа шығып, Президент бастамасын жасылдар партиясы толық қолдайтынын және 6-шы қазанда дұрыс таңдау жасайтынын айтты.
Басқосуда сондай-ақ, басқа да қатысушылар атом электр станциялары жайлы, оның қоршаған ортаға әсері, ол туралы алыпқашпа әңгімелерге жауап берді.
Айта кету керек, халықтық штаб орталығында өткен жиынға BAYTAQ партиясының өңірлік филиалдары зум арқылы байланысқа шықты.
Самат Сапаралы, BaiMedia