Астана. 11 қыркүйек. BM.KZ — «Геологияны цифрландыру» жобасын жүзеге асыру аясында бұрғылау қондырғылары мен дала лагерлерінде Starlink терминалдары орнатылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, жоғары жылдамдықтағы байланыс арнасы геологиялық және геофизикалық үлкен деректерді нақты уақытта беру мүмкіндігін қамтамасыз етті. Сонымен қатар, ол бұрғылау параметрлері мен техниканың жай-күйін бақылауға арналған IoT-сенсорларды интеграциялауға, учаскеге шықпай-ақ персоналға қолдау көрсетуге, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін арттыруға тиімді жағдай жасамақ.
Қосымша алаңнан бейнеағын Жезқазған қаласындағы Геологиялық кластердің диспетчерлік орталығына жіберіліп жатыр.
Цифрлық даму, инновациалар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink келісімі аясында спутник интернеті елімізде 2025 жылғы 13 тамыздан бастап ресми түрде жұмыс істейді.
