Астана. 22 тамыз. BM.KZ — «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы тәуелсіз аудитордың аралық қаржылық ақпаратын шолып тексерудің нәтижелері негізінде жасалған есебімен қоса, 2025 жылғы 30 маусымда аяқталған 3 және 6 айдағы қысқартылған аралық шоғырландырылған қаржы есебін жариялады.
Компанияның 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы түсімі 4 500 млрд теңгені (8 789 млн доллар) құрап, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 6,2% жоғары болды. Түсімнің өсуі KMG International компаниясындағы және «ҚМГ» Корпоративтік орталығы деңгейіндегі мұнай өнімдерін сатудан түскен түсімнің артуымен байланысты. Алайда теңгенің долларға қатысты жылдық әлсіреуі, мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуі және өндірілген мұнайдағы газ факторының жоғарылауы кері әсер еткен.
Компанияның таза пайдасы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8% төмендеп, 534 млрд теңгені (1 044 млн доллар) құрады. Таза пайданың төмендеуі мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуімен, амортизациялық шығындардың өсуімен, өзге қаржылық кірістің азаюымен, еншілес ұйымды шығарудан түскен кірістің төмендеуімен, сондай-ақ, теріс бағамдық айырмамен байланысты.
Айта кетейік, компания мәліметінше, Brent маркалы мұнай биылдыққа 14,5%-ға, ал қазақстандық KEBCO маркалы мұнай 13,7%-ға арзандаған.
