Біздің айналамыздағы жанды және жансыз дүниелердің барлығы қоршаған ортаға жатады. Бүгінгі таңда қоршаған ортаға тікелей және жанама түрде қауіп төніп жатыр. Технологияның дамуы түрлі мүмкіндіктерге жол ашқанымен, табиғатқа зиянын тигізбей қоймайды.
Ластану, жаһандық жылыну, өндірістік қалдықтар, озон қабатының бұзылуы, табиғи ресурстардың сарқылуы, жер бетіндегі адам санының артуы, орман ағаштарын кесу, климаттың өзгеруі, адамдардан қалған қоқыс, пластика қалдықтары – аталған факторлардың барлығы экологиялық апатқа алып келеді.
Қазіргі заманның ең үлкен экологиялық мәселелері қандай?
Қоқыс. Азық-түлік қалдықтары. Адамның тұтынуына арналған азық-түліктің үштен бір бөлігі ысырап болып жатыр. Ол дегеніміз, шамамен 1,3 миллиард тонна тамақ текке кетіп жатыр деген сөз. Осындай ысыраптың алдын алатын болсақ, 3 миллиорд адамды тамақтандыруға жететін еді. Азық-түлік қалдықтары дамушы және дамыған елдерде әртүрлі жағдайда өңделеді. Әлем елдері бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырып, қолданысқа енгізе бастаған.
Пластика қалдықтары. 1950 жылы әлемде жылына 2 миллион тоннадан астам пластик бұйымдары өндірілді. 2015 жылға қарай жылдық өндіріс 419 миллион тоннаға дейін өсті. Әлбетте, бұл қоршаған ортадағы пластик қалдықтарының көлемінің артуына алып келді. Пластик өнімдердің қолданыс аясы кең, оның да тұрмыста қажеттілігі бар. Алайда, оның қоршаған ортадағы жан-жануарлар мен құстарға зардабы тиіп отыр. Ғалымдардың айтуынша, қазіргі уақытта мұхиттарға жыл сайын шамамен 14 миллион тонна пластик төгіледі екен. Мұның қаншалықты залал келтіретінін көзі қарақты адам түсінетін болар. Қажетті шаралар қабылданбайтын болса, пластикалық дағдарыс 2040 жылға қарай жылына 29 миллион тоннаға дейін өсетінін көрсетті. Сонымен қатар мұхиттағы пластик қалдықтардың жалпы мөлшері 2040 жылға қарай 600 миллион тоннаға жетуі мүмкін.
Бұрын өндірілген пластиктің 91% қайта өңделмеген. Бұл жағдай біздің заманымыздың ең үлкен экологиялық проблемасына айналып отыр.
Орман ағаштарын кесу. Ормандардың жойылуы да экологиялық мәселенені туындатады. 2020 жылға дейін жер шарында орманның тек 10%-ы ғана қалуы мүмкін. Орман ағаштарын кесу тоқтамайтын болса, 100 жылға жетер-жетпес уақытта толық жойылып кетеді деген болжам бар.
Ормандардың жойылуына ауыл шаруашылығы, өндіріс себеп. Шаруашылық жұмыстарын жүргізу үшін ағаш керек. Алайда ол пайдасы мен қатар табиғат анаға зиянын да келтіріп жатыр. Мәселен отын дайындау үшін де ағаш керек. Адамзат баласы ағаштарды өз пайдасы үшін есепсіз жұмсайтын болса, оның да қоры сарқылатын уақыт келеді.
Орман ағаштарын кесудің тағы бір себебі оны құрылыс материалы ретінде пайдалану. Ғылым мен техниканың дамуымен кесу жұмыстары арнайы станоктармен жүргізіле бастады. Әлбетте, бұл өнімділікті арттырды. Адамның жұмысы жеңілдегенмен ағаштар есепсіз кесіліп жатыр.
Орман ағаштарын кесу – кең таралған экологиялық мәселелердің бірі. Ағаштардың жойылуымен биогеоценоз жүйесінде экологиялық тепе-теңдік бұзылады.
Ауаның ластануы. Қазіргі кездегі ең үлкен экологиялық проблемалардың бірі – ауаның ластануы. Ауаның ластанғанын жасы кіші баладан еңкейген кәріге дейін біледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректері бойынша жыл сайын әлемде 4,2 миллионнан 7 миллионға дейін адам ауаның ластануынан қайтыс болады. Сонымен қатар әрбір 10 адамның тоғызы құрамында жоғары ластаушы заттар бар ауамен тыныс алатынын көрсетеді.
Атмосфераның ластануының себептерін атап өтетін болсақ, негізгі себептеріне өнеркәсіп орындарынан, автокөліктен шығатын түтін, шаңды дауыл жатады. Атмосфералық ауаның ластануы – әрбір адамның денсаулығына әсер ететін маңызды экологиялық факторлардың бірі.
Өндірістік қалдықтар. Өндірістік қалдықтар адамзат шығаратын қалдықтардың жалпы көлемінің 10-15%-на ғана тең, бірақ қауіптілік дәрежесі қарапайым тұрмыстық қалдықтарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл қалдықтар өндірістен кейін қалатын және қоршаған ортаға теріс әсер ететін заттар, материалдар, бұйымдар немесе тіпті заттар болуы мүмкін. Мұндай қалдықтар міндетті түрде жойылуы керек. Кейбір қалдықтарды қайта өңдеуге болады, бірақ кейбіреулерін залалсыздандыру және көму немесе өртеу қажет. Өнеркәсіптік қалдықтардың құрамында қайта өңдеуге жіберілетін аса қауіпті компоненттер де болады.
Климаттың өзгеруі. Мониторинг және ғылыми зерттеулер нәтижелеріне сүйене отырып, БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық тобы 2023 жылы Жердегі климаттың өзгеруі өте қарқынды жүрді деген қорытындыға келді. Планетаның климаттық жүйесінің жағдайы оның бетіне, мұхиттарға, мұз қабаттарына және атмосфераға әсер етеді.
Климаттың өзгеруі ауа райының өзгеруін, ауа температурасының өзгеруін білдіреді. Соңғы 150 жылда Жердің климаты айтарлықтай өзгерді және сарапшылар әлемдегі өзгерістердің негізгі қозғаушы факторы адам әрекеті екеніне сенімді.
2011-2020 жылдар арасында ғалам айтарлықтай жылынды. Соның салдарынан ауру көбейіп, далада жұмыс істеу қиындап, табиғи өрттердің шығуы жиілеп кетті.
Адамзат өзгерістердің ауқымын шектейтін күшке ие. Ауаның сапасын жақсарту және жаһандық температураны тұрақтандыру үшін қазбалы отындарды пайдаланудан бас тартып, атмосфераға зиянды заттардың, соның ішінде парниктік газдардың шығарындыларын азайту қажет. Климатты жақсы жаққа өзгерту үшін біз қазір әрекет етуіміз керек.
Судың ластануы. Су — өмірдің негізі, онсыз адам 2-3 күннен артық өмір сүре алмайды. Жануарлардың, өсімдіктердің, жәндіктердің де өмірі үшін су қажет. Алайда адамзат баласы суды оңды-солды пайдаланып, ластап жатыр.
Тұщы судың ластануы өзекті жаһандық проблема. Ластанудың негізгі себебі — зиянды заттарды тазалау және жою әдістерінің болмауы. Қоқыс үйінділері, зиянды заттар суға түседі. Адамдар суды өздері ластап жатыр. Өзенге лақтырған әрбір бөтелке, ағынмен шайылып келген әрбір қоқыс ақырында өзен бойымен теңіздер мен мұхиттарға құйылады және жергілікті экожүйені бұзады.
Судың ластануының айқын белгілеріне су түсінің өзгеруі, оның лайлануы, жағымсыз иіс, қоқыстың болуы жатады. Ластану анықталса, арнайы зертханаға хабарласу керек, ол су үлгісін алып, тиісті зерттеу жүргізеді.
Жоғарыда тізілген ең басты экологиялық мәселелердің шешімін табы Қазақстан үшін де аса маңызды. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі келтірген мәліметке сәйкес, Халықаралық рейтинг бойынша Қазақстан экологиялық көрсеткіш жөнінен 180 елдің ішінде 93-ші орында, ал ауа сапасы бойынша 115-ші орында тұр. 2020 жылы халық көтерген мәселелерді ескере отырып, Министрлік 16 Жол картасын әзірледі, онда 485 іс-шара жоспарланған. Халық арасында экологиялық мәдениеттің дамуы үлкен жетістік. Табиғат ананы ойлап, айналасына қоқыс шашпай, керісінше оны жинап жүретін адамдар бар. Алайда бәрінде бірдей түсінік қалыптаспаған. Ең бастысы, әр адам өзінің айналасын ретке келтіруді қолға алуы керек. Тазалық әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Қоршаған ортаны қорғап, экологияның жақсаруына әр адам үлес қоса алатынын ұмытпауы керек. Бүкіл әлемді толғандырған мәселе бір адамның немқұрайлы қарамауынан шешімін таба бастайды.