Өткен жылы қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған шығындар 610 млрд теңгеге жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 37,2% процентке артық.
Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, шығындардың ең көп көлемі Ақмола облысында тіркелген. Аймақтың шығыны 127,7 млрд теңгені құрайды. Бұл жалпы көлемнің 20,9%-ін алады. Одан кейінгі орында Атырау (89,1 млрд теңге), Павлодар (59,4 млрд теңге) және Ақтөбе (51,2 млрд теңге) облыстары орналасқан. Табиғатты қорғау қызметіне жұмсалған ең төменгі шығындар Жетісу облысында – 1,5 млрд теңге. Шығындардың едәуір үлесі (97,2%) өнеркәсіп кәсіпорындары тарапынан болған.
Ескерте кетейік, табиғатты қорғау қызметінің түрлері бойынша энергия үнемдеу технологияларына және энергия тиімділігін арттыруға (жаңартылатын энергия көздерін қоса алғанда) жұмсалған шығындар жалпы көлемнің 33,2% құрады, қалдықтарды басқаруда – 21,6%, атмосфералық ауаны қорғау және климат өзгеру проблемаларында – 20%.
Дина Бөкебай