«Қырғыз Республикасындағы халал-индустрия туралы» заң жобасын талқылау барысында Парламент спикері Нұрланбек Шәкиев интернеттегі шет тіліндегі барлық мазмұнды бұғаттауды және қырғыз тілін сақтау мақсатында араб атауларынан бас тартуды ұсынды.
Нұрланбек Шәкиев қырғыз тілі жойылып барады, сондықтан қырғыздардың пайдасына ғаламтордағы шет тіліндегі барлық бағдарламалар мен мультфильмдерге тыйым салу керек деп санайды.
«Құрметті депутаттар, „халал“ терминін қырғыз тіліндегі „адал“ деп атасақ. Қырғыз сөздерін арабшалап, арабша атаулар беріп, көп нәрсені орысша да атаймыз. Бақыт, Таалай, Елмурза, Ұлықбек, Балбақ, Чолпон, Жылдыз, Нұрбек деген қырғыздың жақсы есімдері көп. Неге біз оларды қолданбай, арабша, орысша және басқа тілдерде атау береміз? Қырғызша атауларды қолданбасақ, олар да тіл сияқты жойылып кетеді. Ауылдарда балалар орысша сөйлейді, себебі интернеттен орыстілді контентті көреді. Қырғыз тілі жойылып барады. Осыған байланысты үкімет жақын арада мультфильмдерді қырғыз тіліне аударуы қажет. Барлық бағдарламаларды, мультфильмдерді және балалар телефонда интернетте шет тілдерінде көретін барлық мазмұнды бұғаттау керек. Егер біз қазірден бастап мән бермесек, тілді бүгіннен бастап сақтамасақ, 5-10 жылдан кейін одан айырылып қаламыз», — деді спикер.
Депутат Марлен Маматалиев заң жобасында қолданылған «халал» термині ISO халықаралық стандарттарына сәйкес келетінін түсіндірді.
«Егер заң жобасында қырғыз тілінде „адал“ қолданылса, онда қырғыз өнімдері халықаралық стандартқа сай келмейтіндіктен сыртқы нарыққа шыға алмайды. Шетелдік франшизалар мен брендтерді қырғыз тіліне аудару мүмкін емес», — деді ол.
Еркежан Смағұлова-Қазақпарат