Бүгін Астана қаласындағы Қытай елшілігінде «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Қытайдың бас елшісі Чжан Сяомен кездесті.
Келелі кездесуде Іле мен Ертіс өзендерінің жағдайы туралы, экологиялық мәселелерді шешуге ғылыми институттармен байланыс орнату, қоршаған ортаны қорғау мәселесінде Париждегі халықаралық келісімді орындау, таза ауа, таза су ресурстарына қатысты келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар экологиялық мәселелерді шешуде ғылымды күшейту, ортақ жобаларды іске асыру, қалдықтардан жаңа өнім алу, қайта өңдеу жайы да тілге тиек болды.
«Қытай елі қоқыстарды пайдаға асырып, оларға жаңа өмір сыйлауда көшбасшы елдердің қатарында, сондықтан да көрші елден үйренеріміз көп» деді Азаматхан Әміртаев.
Айта кетейік, кездесу соңында ҚХР бас кеңесшісі «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевті аспан асты еліне шақырды. Ресми сапар жыл соңына дейін болады деп жоспарлануда. Ортақ келіссөздердің қорытындысы партия делегациясының Қытайға ресми іссапары кезінде бекітіледі.