Астана. BM.KZ – Оңтүстік Кореяда өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммитінің жабылар күні ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жасанды интеллектті басқару жөніндегі халықаралық орган құру туралы идеясын қайта көтерді. Бұл туралы DW жазды.
Бұған дейін бұл бастама АҚШ тарапынан қолдау таппаған еді.
Си Цзиньпиннің пікірінше, жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастық ұйымы басқару ережелерін белгілеп, мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды ынталандыра алар еді. Осы арқылы ЖИ «халықаралық қауымдастық үшін ортақ игілікке айналуы» мүмкін.
«Жасанды интеллект – болашақ дамудың маңызды бағыты. Ол барлық елдер мен өңірлердің игілігіне қызмет етуі тиіс», – деп келтіреді оның сөзін «Синьхуа» агенттігі.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Қытай билігі биыл бұған ұқсас бастаманы бұрын да көтерген, алайда АҚШ жасанды интеллектті халықаралық ұйымдар деңгейінде реттеу идеясын қабылдамаған.
Сонымен қатар, Си Цзиньпин ашық бастапқы кодтағы бағдарламалық жасақтама жобалары аясында технологиялық ынтымақтастықты тереңдету қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бәсекеге қабілетті әрі ашық инновациялық орта қалыптастыру үшін маңызды.
