Астана. 1 желтоқсан. BM.KZ — Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының іргесінде орналасқан Бутаково ауылының тұрғындары аула маңына кіріп кеткен қонжықты байқап қалған.
Маймақ аң қыс түсіп, күн райы суыта бастағанда қалың ұйқыға кетпей ауыл ішінде жүрген жерінен жұрттың көзіне түсті. Ауыл тұрғыны Жанарбек Нұбаевтың айтуынша, ол қонжықты таңертең сиыр суаратын бұлақтың жанынан көрген.
— Қонжықты дәл судың жанынан көрдім. Көршім Ерланды шақырып, екеуміз сақтықпен арқан тастап ұстадық. Ол өте ашулы, бізге ұмтылып, тістемек болды. Аяғынан ұстап бағанаға байлауға тура келді, қораға кіргізу мүмкін емес еді. Сорпа ішпеді, тек аздап ет жеді. Ең бастысы мамандар тезірек алып кетсе екен, — деді ол.
Тұрғындар бұл екі апта бұрын Риддер трассасының бойындағы Бутаково маңында жүгіріп жүрген қонжық болуы мүмкін деп болжап отыр.
Жалғыз қалған жабайы жануар аязда азық таба алмаса өміріне қауіп төнетіні анық. Қонжық туралы ақпарат ШҚО орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағына жолданды.
— Жағдайды Пихтов орман шаруашылығына жеткіздік. Ол жақтағы инспекторлар келіп, қонжықты уақытша алып кетеді. Ертең біздің мамандар оны Өскемен қаласындағы зообаққа жеткізеді, — деді жасақ бастығы Ермек Бағланұлы.
