Астана. 22 қыркүйек. BM.KZ – Ресейден аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікті Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Тергеу деректеріне сүйенсек, күдікті 2020-2022 жылдары құрылыс компаниясын басқарып жүргенде әріптестерімен бірігіп, жалған келісімшарттар жасасқан. Сол арқылы «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымынан 8,5 млрд теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген.
Бұл қаражат Ақмола облысында жел электр станциясын салуға бағытталған болатын.
«Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті жасырынған. Оған халықаралық іздеу жарияланып, биыл ақпан айында Ресей аумағында ұсталды. Бас прокуратураның сұрауы бойынша Ресей тарапы күдіктіні экстрадициялау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта ол Қазақстанға жеткізіліп, тергеу изоляторына қамауға алынды», – деп жазылған Бас прокуратура хабарламасында.
Айта кетейік, осы іске қатысы бар өзге тұлғалар биыл мамыр айында сот үкімімен әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Заң бойынша мұндай қылмыс үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.
