Астана. 5 қаңтар. BM.KZ – Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы демографиялық статистикамен бөлісті. Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылы 28645 бала дүниеге келсе, былтыр 26713 нәресте дүние есігін ашқан. Яғни, 1932 балаға азайған.
«2024 жылы Шымкент қаласында 7 434 неке тіркеліп, 28 645 сәби дүниеге келді, ал 2025 жылы 7 335 неке тіркеліп, 26 713 туу тіркелді», -деп жазылған мәлімдемеде.
Жаңа туылған нәрестелерге де ерекше есімдер берілген. Мәселен, жыл қорытындысы бойынша ұл балалар арасында Арусұлтан, Ақселеу және Хақназар сынды сирек қойылатын есімдер дараланса, қыз балалар арасында Сағым, Сүйкімді және Нұрана есімдері ерекшелігімен көзге түсті.
Ал қазіргі таңда ұл балаларға ең көп қойылып жүрген есімдердің қатарында Тәуке мен Керей бар. Бұл ата-аналар арасында ұлттық болмысты айқындайтын, тарихи мәні терең есімдерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады.
