Шымкент. 12 тамыз. /Әсел Мәдәліқызы/ BM.KZ – Шымкенттегі ауруханада шу шығарған азаматтың үстінен іс қозғалды.
Оқиға №1 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінде болған. Бейнежазбадағы көрініске қарағанда, ер адам орындықта отырған адамды ұрып, балағаттаған. Әзірге ұрыс неден шыққаны белгісіз.
Күдікті тіпті оқиға орнына келген полиция қызметкерін де менсінбей боғауыз сөздер айтып, жұдырық жұмсағаны байқалады. Сонымен қатар, «Соқыр», «Тышқан» сынды лақап атты таныстарын айтып қорқытқан.
Бұл жайтқа қатысты жергілікті полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Хабарламада аталған факті басшылықтың назарына іліккені туралы айтылған.
«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Істің тергелу барысы полиция басшылығының бақылауында», – дейді Шымкент қ. ДП баспасөз қызметі.
