2025 жылғы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Ильичевка ауылындағы «Тайынша май» ЖШС аумағында сұйытылған газды тасымалдаған автокөлік өртенді. Бұл туралы СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жанармай құю кезінде газгольдердің шлангісі үзіліп, соның салдарынан газ тасығыш көлік, одан кейін жерасты резервуарының тіреуіш арматурасы өртенген.
Оқиға орнына жедел түрде СҚО және Ақмола облыстарының құтқару бөлімшелері тартылып, өңіраралық өзара іс-қимыл жоспары іске қосылды.
Төтенше жағдай салдарынан 9 адам түрлі дәрежедегі күйік алып, Көкшетау қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілді. Олардың біреуі алғашқы медициналық көмектен кейін үйіне жіберілді.
Құтқарушылардың жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында 50 шаршы метр алаңды қамтыған өрт сағат 20:57-де толық сөндірілді.
Өртті сөндіруге 80 қызметкер және 20 техника, оның ішінде СҚО және Ақмола облыстарының ТЖД бөлімшелері, сондай-ақ Тайынша ауданындағы мемлекеттік емес өрт сөндіру бөлімшелері жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта өрттің нақты себептері анықталып жатыр. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
