Астана. 5 ақпан. BM.KZ – Солтүстік Қазақстан облысында дәрігерлер 16 жасар қыздың өмірі үшін күресіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Айыртау ауданы Гусаковка ауылының тұрғыны улы сұйықтықты ішіп қойған. Аман алып қалу үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағымен санитарлық авиация дәрігерлері облыстық балалар ауруханасының қызметкерлерімен бірге жасөспірімді шұғыл түрде Петропавлға жеткізді.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2009 жылы туған бала химиялық күйік алған. Айыртау аудандық ауруханасына жеткізіліп, баланың жағдайына байланысты санитарлық авиацияны тарту туралы шешім қабылданды.
– Санавиация борты мен профильді мамандардан құралған бригада арқылы пациент Петропавлдағы көпбейінді балалар облыстық ауруханасына жеткізілді. Қазіргі таңда бала реанимация және қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Дәрігерлер баланың жағдайын өте ауыр деп бағалайды. Медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі, жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті шаралар қабылданған, — дейді басқарманың баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 4 ақпан күні болған. Полицияға Айыртау ауданының 16 жастағы тұрғыны белгісіз сұйықтықпен уланып, медициналық мекемеге жеткізілгені туралы хабарлама түскен. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
– Аталған факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — деді баспасөз қызметінің өкілдері.
