Астана. 8 қаңтар. BM.KZ — Солтүстік Қазақстан облысында «Астана — Петропавл» автожолында «Toyota Camry» және «Shacman» автокөліктері соқтығысты, деп хабарлайды Kazinform.
Оқиға орнынан бейнежазба әлеуметтік желіде тарап кетті. Қатты соққыдан екі көлік те жол шетіне шығып кеткен.
СҚО полиция департаментінің мәліметінше, апат салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен оның үш жолаушысы мерт болды. Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып, қарсы келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан.
Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жылдамдықты арттыру, қарсы қозғалыс жолағына шығу және қауіпті маневрлер ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Былтыр СҚО аумағында 600-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 47 адам көз жұмды, 793 адам жарақат алды. Апаттардың 117-сі республикалық маңызы бар жолдарда болған.
