Суды үнемді қолдану жаңа заманның ғана емес, жалпы ғаламның ортақ мәселесіне айналып отыр. Елімізде жыл басынан бері алғашқы жартыжылдықта су заңнамасын бұзушылардан шамамен 11,9 млн теңге өндірілген.
Айта кетейік, су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары 6 айда су заңнамасын сақтау бойынша 55 тексеріс жүргізген болса, соның ішінде 103 құқықбұзушылық анықталып, кемшіліктерді жою бойынша 42 нұсқама беріліп отыр. Жалпы сомасы 12,9 млн теңгеге 143 әкімшілік айыппұл салынды, 11,9 млн теңге көлемінде 127 әкімшілік айыппұл өндірілді, 16 әкімшілік іс сотқа берілді.
«Министрліктің бассейндік инспекциялары су заңнамасының сақталуын қадағалайды. Құқықбұзушылықтарға қарсы күресті күшейту үшін Су ресурстары және ирригация министрлігінде Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөнінде комитет құрылды. Бұл су ресурстарын заңсыз пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік береді. Жақында ғана Жамбыл облысында тексеріс жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша материалдар Бас прокуратураға жіберілді. Су саласындағы ашықтық министрлік жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Сондай-ақ комитет суды заңсыз пайдаланумен, оны есепке алу деректерінің бұрмалануымен және еліміздің су нысандарындағы құқыққа қайшы шаруашылық қызметпен күресетін болады», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Дина Бөкебай