Тұран одағын құру басталды ма?
Өткен аптада ғана Елорда да Шанхай Ынтымақтастық ұйымының жиынын өткізген президент Қасым –Жомарт Тоқаев әлемдік деңгейде ықпалы бар саммиттен кейін, бірден Әзірбайжанға сапарлап барғаны белгілі. Онда Түркі мемлекеттер ұйымының бейресми саммиті өтті. Әзірбайжан жеріндегі жиында қозғалған тақырып, түркі бірлестігін –ынтымағын одан әрі арттыру, сауда-саттық, рухани –мәдени байланыс. Әсіресе түркі мемлекеттерінің экономикалық интеграциясы баса айтылды. Соның ішінде Ресейді айналып өтетін Транскаспий жүк тасу дәлізі саммиттің негізі тақырыбына айналды деуге болады. Рас, өткен жылы бұл дәлізбен жүк тасымалдау 65 пайызға өсіп, тауардың көлемі 3 миллион тоннаға жеткен. Ал Ақтау теңіз порты кем дегенде 300 мың жүк контейнерлерін қабылдауға қауқарлы.Демек Орталық Азия елдері үшін бұл транскаспий жүк тасымалдау дәлізі өте тиімді. Қазір соғыс жүріп жатқан Ресей өз жерінен өтетін жүктердің қауіпсіздігіне жауап бере алмайтыны хақ. Оның үстінде Батыстың санкциясында отыр. Осы тұста Ресейді басып өтетін тасымал жолдарға балама ретінде Қазақстан тарапы Транскаспий бағытын ұсынып әрі тиімді пайдалана бастады. Ақтау порты арқылы контейнерлерге тиелген жүк Әзірбайжанға одан ары Грузия, Түркияға жетіп, Еуроодақ елдеріне жол тартады. Бұл бағыт әрі қауіпсіз әрі қысқа. Экономикалық жағынан өте тиімді. Содан болар Қытай тарапыда осы бағытқа назар аударып, Еуропаға жіберетін жүктерін осы дәлізбен тасымалдауды қолға алды. Демек ресми Бейжінде бұл тасымал жолының нығайа беруіне мүдделі. Саммитте Орталық Азия басшылары ешкімге тәуелді болмай тек өз территориясы арқылы өтетін жүк жолдарының бағыттарын көбейте беруді тілге тиек етті. Тағы бір айта кететін бір жайт, осы саммитте Түркі елдерінің экологиялық кеңесін құрып, аймақтың соның ішінде Арал мәселесін кеңірек қолға алу ұсынысы, жиынның тұздығын артыра түсті.
Әлбетте, айтқымыз келгені, жалпы Түркі елдерінің бірлестігі болғанымен, оның екінші бір қырын сөз етсек деп едік. Ол әрине бұған дейін өз ішімізде де, әлемдік деңгейде де жиі айтылып, сарапқа салынып жүрген Түркі елдерінің әскери одағы мәселесі. «Түркі елдері Тұран одағын құруы мүмкін бе, ол әскери блокқа айнала ма?» деген тақырып аузы дуалы талай сарапшылардың талқысына салынғаны белгілі. Бір қарағанда әрине, бүгінгі күні ұзын саны 200 миллионнан асып жығылатын түркі жұрты әскери одақ құруы әбден мүмкін. Оған қарым-қабілеті, қауқарыда жеткілікті. Бірақ дәл қазір әлемде геосаяси жағдай «күйіп» тұрған кезде жаңа бір әскери одақ қажет пе? Әгәрәки әскери одақ құрыла қалса, ол блок кімге қарсы тұрмақ? Қаншалықты тиімді? Әлде бұл одақ, түркі мемлекеттерінің өзге жұртпен экономикалық байланыстарына кедергі келтіре ме? Мұның бәрі ұзақ сараптаудан өтіп барып жасалатын дүние екені анық. Өйткені Түркиядан өзге Қап тауымен Орталық Азияда жатқан түркі республикалары өзге әлемге айбат шегуге әлі қауқарсыз, әлжуаз. Азулы болу үшін алдымен экономиканы күшейту керек. Ал экономикасы мықты ел сілтесе сойылы, қорғанса қалқаны болатын әскерінің күшейгеніне басымдық берері әмбеге аян. Сондықтан, әзірге түркі жұрты әскери одақтан гөрі, экономикалық мығым болуына көбірек назар аударуда. Дегенмен, бұл елдер арасында өзге жұртқа сес көрсететін, «түбі Тұран әскери одағы құрылу мүмкін» деген ойда қалдыратын, түрлі болжамдар тудыратын бірлескен әскери оқу-жиындары өтіп тұрады. Соның бірі бүгін Маңқыстау жерінде бастау алған Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның әскери контингенттері қатысатын «Бірлестік -2024» оқу-жаттығу қимылы. Осының өзі –ақ, түбі түркі елдері өзге әлемнің әлімжеттігіне қарсы бір әскери одақ құруы мүмкін екенінен хабар бергендей. Жалпы, бұл бірлескен әскери оқу-жаттығу жиындарын Түркі мемлекеттері әскери одағының алғашқы кезеңі деп тануға болатындай. Түбі бір түркі жұрты әммәндә бірге болсын дегім келеді!
Азаматхан Әміртай, “БАЙТАҚ” жасылдар партиясы