Астана. 5 қыркүйек. BM.KZ – Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен үш баланың екеуі ауруханадан шығарылды. Бұл туралы Астана қалалық №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 20 тамызда жарақат алған екі бала Үржар аудандық ауруханасынан санитарлық авиация арқылы елордаға жеткізілген еді. Олар №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында дәрігерлердің бақылауында болды.
Медициналық мекеменің дерегінше, мамандар балаларға күрделі операциялар жасап, толыққанды ем жүргізген. Соның нәтижесінде 4 қыркүйекте олар үйлеріне шығарылды.
«Дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында балалардың өмірін аман алып қалу мүмкін болды. Ең бастысы – қазір олардың өміріне ешқандай қауіп жоқ. Алдағы оңалту кезеңі жеңіл өтіп, балаларға денсаулық пен шаттық тілейміз», – делінген аурухананың хабарламасында.
