Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында нысаналы жинақтарды пайдаланудың 2024 жылдың 8 айындағы қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Баймедиа.кз.
Оған сәйкес, президенттік бағдарламаны іске асыру аясында, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша «БЖЗҚ» АҚ өз жинағын алу туралы 21 933 баланың өтінішін орындады. Оларға жалпы сомасы шамамен 2,2 миллон доллар берілген. «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты АҚШ долларында сақталатыны мәлім.
Қор аталған қаражатты өтініш берушілердің банктік шоттарына аударуы үшін уәкілетті операторларға – екінші деңгейлі банктерге жолдады. Оның ішінде 12 487 өтініш иесі жүз доллардай ақшасын тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында пайдаланған. Оларға 1,3 миллион долларға жуық сома берілді.
Тағы 9 446 өтініш иесі Бенджамин Франклин бейнеленген купюраны білім беру ақысын төлеуге бағыттапты. Оларға жалпы сомасы 947,6 мың долларға жуық қаражат бөлінді.
«Бұл ретте нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы. Пайдаланылмаған қалдық сома «нысаналы жинақтау шотында» (НЖШ) қалады», – деп түсіндірді «БЖЗҚ» АҚ-ның PR-менеджері, бас маманы Меруерт Исабекова. Үй алуға, немесе университетте ақылы оқуға пайдаланса, онсыз да азғантай ақшадан не қалдық қалатыны белгісіз.
Өйткені «Ұлттық қор ‒ балаларға» жобасы бойынша биылғы жылы Қазақстан азаматы саналатын әрбір балаға есептелген сома 100,5 долларды ғана құрады.
Қазақстандық балаларға Ұлттық қордан жалпы сомасы 695,5 миллион доллар мөлшерінде қаржы аударылды. Соның ішінде бұған дейін Үкімет 2024 жылы 304 мың 815 бала 18 жасқа жетіп, 30,6 миллион доллар мөлшеріндегі қаражатты пайдалана алатынын жариялаған болатын. Алайда, әлгінде айтылғандай, шын мәнінде БЖЗҚ соның ішінен тек 21 933 баланың өтінішін орындады. Оларға жалпы сомасы шамамен 2,2 миллон доллар берілді. Қалғандары алып қоюға болатынын білмейді, немесе алмай, оны тұрғын үй құрылысы жинағы ретінде ары қарай жинақтауға бел буған.
БЖЗҚ дерегінше, тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаттары келесідей:
- одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтары салымын толықтыру – 12 048 өтініш иесі 1,2 миллион доллардан астам соманы аударып алған,
- азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша жекеменшікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – 150 өтініш иесі 15 мың АҚШ долларынан астам соманы иеленген,
- тұрғын үй сатып алуға ипотека алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге – 116 өтініш иесі жалпы көлемі 11,7 мың доллар алған.
Білім алу ақысын төлеу аясындағы ең танымал қосалқы мақсаттар мыналар:
- Қазақстан аумағында орналасқан ЖОО-ның білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу – 7 561 өтініш иесі бұл мақсатқа жалпы жиынтығы 758,4 мың доллардан астам қаражатты жұмсады,
- білім беруге жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыру – 1 366 өтініш бойынша 137,1 мың доллардан астам қаржы берілген,
- шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) бір рет біржолғы ақы төлеу – 433 өтініш иесі осы мақсатта жалпы сомасы 43,4 мың АҚШ долларынан астам соманы пайдаланды.
Биылдан бастап, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына сәйкес, Ұлттық қордың өзінің емес, оның тек инвестициялық кірісінің 50%-ы жылына бір рет, әдетте жыл басында балалардың БЖЗҚ-дағы арнайы есепшотына аударылып тұрады. Ол ақша тек 2006 жылы және одан кейін туған, сондай-ақ Қазақстан азаматы болып табылатын және Қазақстанда тұрақты тұратын балалар арасында теңдей бөлінеді. Егер бала ата-анасымен шетелге көшіп кетсе, оның барлық жинағы елде қалған балалар арасында теңдей таратылатыны айтылды.
2024 жылғы ақпанда БЖЗҚ-да 2023 жылдың қорытындысы бойынша барлық балаларға бірінші рет қаржы аударылды. Биыл 18 жасқа толған азаматтардың нысаналы жинақтау шоттарына (НЖШ) нысаналы жинақтар (НЖ) есептелді және алғашқы төлемдер жүзеге асырыла бастады.
Меруерт Исабекованың айтуынша, kids.enpf.kz сайтынан немесе БЖЗҚ YouTube-арнасынан бағдарламаның шарттарымен танысып, нұсқаулықтар мен өзіңізді қызықтыратын сұрақтарға жауаптарды алуға болады. Сондай-ақ, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру, бала кәмелетке толғанға дейінгі және одан кейінгі іс-қимыл алгоритмі туралы бейненұсқаулық БЖЗҚ YouTube-арнасында орналастырылған.
Шымкент тұрғыны Аружан биыл 18-ге толып, Ұлттық қордан қаражатын алған жастардың бірі.
«Биылғы шілдеде БЖЗҚ сол кездегі бағаммен 47 мың теңгедей ақшамды берді, оны «Отбасы банкте» ата-анам жинаған есепшотыма қосып, сондағы жинағыммен бір бөлмелі пәтер алдым. Барлық балаға 160 доллардан береді деп былтырғы жыл бойы барлық телеарнадан қайталады, сеніп қалдық. Енді 60 долларымды шенеуніктер жеп қойды ма деймін. 100 доллардай ғана берді. Осыған да қуандым. Өйткені әпкем 2005 жылдың 30 желтоқсанында туған. Бағдарламаға ілігуге екі күн кешігіп қалды», – дейді Аружан.
Айтқандай, тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында нысаналы жинақтарды алу бойынша Шымкент жастары көш бастады. Олардан 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жыл басынан бері 1 970 өтініш түсіпті. Шенеуніктер соның ішінен тек 1 725 баланың өтінішін қанағаттандырып, оларға 174 845 доллар аударды.
Екінші орынға Қызылорда жастары шықты: 18-ге толған 1 473 бозбала мен бойжеткен жүз долларын баспана алуға пайдалануға ниеттеніпті. Оның ішінен 1 307-сінің өтініші мақұлданып, олар 132 375 доллар алды.
Үштікті Астана жастары тұйықтады: 951 бала өтініш берген, соның ішінде 800-інің 82 113 доллар сомасындағы өтініші құпталды.
Халқының саны жөнінен екінші облыс саналатын Алматы облысы күтпеген жерден аутсайдер болды: биылғы 8 айда бұл өңірден кәмелет жасқа жеткен 19 жастан ғана өтініш түсті. Оның 12-сі 1 206 доллар алды.
Ұлттық қордан тасталған 100 долларды ақылы жоғарғы білім алуға жұмсау үшін биыл жалпы саны 13 016 жастан өтініш түсті. Соның ішінде 9 280 баланың ғана өтініші қанағаттандырылып, оларға жалпы сомасы 947 550 доллар аударылды.
Алайда, 1 764 бала ақыры оны да пайдалана алмай, 172 496 доллар БЖЗҚ-ға кері қайтарылды.
Білім бағытында көшті тағы да Шымкент бастады. Шымқаланың 1 941 түлегі мемлекет берген жүз долларға ақылы оқуға түсуді жоспарлады. Соның 1 307-сінің өтініші мақұлданып, жалпы жиынтығында 133 598 доллар бағытталды.
Екінші орында Жетісу облысы: білім қууға құмарланған 1 379 баладан өтініш түссе, соның 911-інің ғана тілегі орындалып, 92 511 доллар иеленді.
Үштікке Алматы қаласы кірді: 1 138 өтініштің тек 803-і қабылданған, оларға 82 528 доллар аударылған екен.
Аутсайдер тағы да Алматы облысы: небары 34 өтініш бағытталып, оның 24-і құпталған және 2 411 доллар жолданған. Өтініші мақұлданған жастар саны Ұлытау облысында да жүзге жетпейді: 84 жасқа жалпы сомасы 8 436 долларын оқу ақысының бір бөлігін өтеуге жұмсауға мүмкіндік берілді.
Жалпы, Қазақстанда бакалавриатта оқудың тек 1 жылдық ақысының өзі орта есеппен 800 мыңнан 1,5 миллион теңге аралығында. Ұлттық қордан берілген 48 мың теңге оның еш жыртығын жамай алмайтыны жасырын емес.
Бірақ жас ұрпақ келесі жылы сол жүзге де зар болып қалуы ғажап емес.
Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, 2024 жылдың 6 айында Ұлттық қорға шамамен 3 миллиард доллар табыс түсті. Орташа табыстылық 4,5% болған.
Салыстырсақ, Ұлттық банктің дерегінше, 2023 жыл қорытындысында Ұлттық қор активтерінің табыстылығы 11,38 пайыз болған.
Журналистер «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2024 жыл қорытындысында мұндай қарқынмен өскелең ұрпақтың әрбір өкіліне қанша доллардан төленетінін сұрады. Ұлттық банк басшысы сырғытпа жауап берді: тек келесі жылы айта алады.
«Біз жылды жабамыз, Ұлттық қордың инвестициялық табысы қандай болғанын есептейміз. Оның тең жартысын аламыз да, балалардың дербес шоттарына тең бөліп, аударамыз. Бұған қоса, балалардың шоттарына биыл түскен қаражат та бос жатқан жоқ, біз оларды көбейтуіміз қажет. Сондықтан ол ақшаны да басқарып, инвестициялауды жалғастырамыз», – деді Тимур Сүлейменов.
Өкінішке қарай, сонымен қатар Үкімет Ұлттық қор қаражатын қарқынды түрде жұмсап, жеп, азайтып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банктің 2023 жыл қорытындысына арналған «Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы есебі» нақты айтылған.
Оған сәйкес, Ұлттық қордан валютаны сату республикалық бюджетке трансферттер тарту шеңберінде жүргізілді. Соның нәтижесінде қордан бюджетке кепілдендірілген және нысаналы трансферттер түрінде алып қойылған қаражаттың жиынтығы 2023 жылы 4 триллион теңгеге жетті. Бұл – тарихи рекорд саналады. Бірақ биыл алынып жатқан сома одан да асып түседі. Ал, келесі жылы жаңа рекорд орнатылып, Ұлттық қордан алапат 5,4 триллион теңгесін алып, шығындауды жоспарлап отыр.
«Ұлттық қордағы валюталарды бюджет үшін теңгеге конвертациялау көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 2 еседен артық ұлғайды. Ұлттық қордың қаражатына «ҚазМұнайГаздың» акцияларын 1,3 трлн теңгеге сатып алу аясында 2023 жылғы 4-тоқсанда валютаны сату көлемі едәуір ұлғайды. 2023 жылғы қыркүйек-қараша айларында бюджетке конвертациялауға байланысты трансферттер көлемінің айтарлықтай өскені байқалды. Осы кезеңде Ұлттық қордан қаржы алу көлемі 2022 жылдың ұқсас кезеңінен 7 еседен (!) астам асып түсті», – делінген Ұлттық банктің есебінде.