Астана. 28 қараша. BM.KZ — Байқоңырдан жаңа пилоттық кеменің ұшырылымы сәтті жүзеге асты. Дегенмен Ұлытау өңіріне зымыран бөліктері құлаған. Мамандар «Союз МС-28» қалдықтарынан экологияға зиян келтірілмегенін айтты.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылдың 27 қарашасында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Астана уақытымен 14:27–де «Союз МС-28» пилоттық кемесі бар зымыран-тасығыш сәтті ұшырылды. Зымыранның ұшырылуы штаттық режимде өтті.
— Зымыранның бірінші сатысы Ұлытау облысындағы елді мекендерден қашықтағы арнайы белгіленген аймаққа құлады. Халық үшін қандай да бір қауіп жоқ. Оқиға орнында «Роскосмос» мамандары, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей экологтері жұмыс жүргізіп жатыр. Өлшеулер мен сынамалар алынады. Алдын ала мәліметтер бойынша, экологияға зиян келтірілмеген, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Ведомство атап өткендей, «Союз МС-28» экологиялық тұрғыдан қауіпсіз отын — керосин мен сұйық оттегін пайдаланады. Құлаған бөлшектер радиациялық, химиялық немесе биологиялық қауіп тудырмайды.
