Ресейде Украина жағында соғыспақшы болды деп ұзақ мерзімге сотталған қазақстандық азамат Тұран Устюговтың анасы ұлын елге қайтару үшін бар күшін салып жатыр.
Алматы қаласының 19 жастағы тұрғыны Тұран Устюговке Ресей соты 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескеніне бір айға жуықтады. Оған Ресейдің Қылмыстық кодексіндегі екі бап бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, сезікті «Террористік әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында оқудан өту» және «Террористік ұйымның қызметін ұйымдастыру мен оған қатысу» айыбымен сотталды.
Алайда анасы Эльмира Жаңабаеваның айтуынша, Тұран бұл әрекеттердің ешқайсысын жасамаған. Айыптаушы тарап ең қатаң жазаны сұраса, қорғаушы заңгер, кінәні толық мойындауға үгіттеген. Соның салдарынан автомат ұстап көрмеген, әскерге бармаған бозбала бөтен елде жастығын түрмеде өткізуі мүмкін.
«4 миллион теңге төлеп, нәтиже көрмедім»
Эльмира Жаңабаева BM.KZ тілшісіне берген сұхбатында алғашқы адвокатты уақыт аз болғандықтан телефон арқылы жалдағанын айтады. Оның ойынша, білікті заңгер жалданғанда, мұндай ауыр үкім шығарылмас еді.
Нәтижесінде онсыз да мүшкіл жағдай тіптен ушығып кетті. Алғашқы адвокат Туранды барлық құжаттарға қол қоюға және құқық қорғау органдары таққан айыптардың барлығын мойындауға көндірген. Ол мұнысы арқылы жазаны жеңілдетуге көмектеседі деп сендірген. Алайда бәрі керісінше болды. Оның үстіне көп ұзамай алғашқы адвокат байланысқа шықпай қойды. Бұл аздай, мен оған 4 миллион теңге аударған едім. Енді қаражат желге ұшқандай болды, — дейді ол.
Қорғаушы бірнеше рет ауысқан. Процесс Ресей аумағында, мыңдаған шақырым алыс жерде өтіп жатқаны істі түсінуді одан әрі қиындатқан көрінеді.
Ниет үшін 12 жыл жаза – әділетті ме?
Белгілі қазақстандық заңгер әрі құқық қорғаушы Евгений Жовтис бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, үкімнің негіздемесінде басты рөлді айыпталушының ниеті емес, Тұранға тағылған айыптың мазмұны ойнайтынын атап өтті.
Ашығын айтқанда, бұл үкімде құқықтық та, саяси да астар бар. Құқықтық тұрғыдан алғанда, егер қандай да бір хат алмасу болған болса, айыптау тарапы оны террористік ұйымның әрекетіне қатысу ретінде дәлелдеуге тырысқан болуы мүмкін. Тұранның еш жерде әскери дайындықтан өтпегені және ұрыс қимылдарына тікелей қатыспағаны ескерілмей, тек сол жазысқан хаттары арқылы оның қатысы бар деп танылған, — дейді Жовтис.
Оның айтуынша, соғыс жағдайында Ресей сот жүйесі ақиқатты жалғаннан айырып жатуға аса мән бермейді. Судьялар үгіт-насихаттың ықпалына түсіп, соғысқа романтикалық көзқараспен қараған жас жігіттің қалай алданғанын зерттеп жатпайды. Олар Тұран Қырымға барып, алғаш тапсырмасын орындауға тиіс болған сәтте, есін жиып, райынан қайтқанын да ескермеген.
Тұран анасы Эльмира Жаңабаеваға «Маған бұл соғыс не үшін керек?! Анашым, кешірші мені, үйге қайтқым келеді», — деп жазған. Кенеттен белгісіз адамдар оны ұстап алған көрінеді. Өзін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, олар Тұранның Telegram-аккаунтын бірден тексеруге кіріскен.
Ол үгіт-насихат жүргізілген чатта болған. Сондай-ақ оның телефонынан «Азов» пен «Орыс еріктілер корпусы» ұйымдарына толтырған анкеталары табылған. Ол кезде анкеталардың мәртебесі «қаралуда» деп тұрған. Бұл бар болғаны ниет қана еді. Ол ештеңе ұйымдастырған жоқ, әскери дайындықтан да өтпеген. Демек, ешқандай қылмыс жасаған жоқ, — деп күйінеді Эльмира Жаңабаева.
Тұранды соғысқа тарту әрекеті «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде басталған. Бұл желіні бұрыннан қолданатындар оны жаңа қожайындарға өткен соң «билікке жақын» парақша деп атайтын болған. Дәл осы жерде Тұран өзін украиналықпыз деп атаған адамдармен танысады. Олар кейін баламен Telegram арқылы сөйлесуді ұсынады. Дәл сол чатта оған соғысқа қатысу үшін толтыру қажет анкеталар жіберілген. Соңында бұл анкеталар оған ауыр айып тағуға әкеп соқты.
Үміт пен күту
Қазіргі уақытта Тұран әлі де тергеу изоляторында отыр. Ондағы тамақ сапасы күмән туғызады. Ол украин азаматтарымен бірге отырғандықтан, мұндай санаттағы тұтқындарға жақсы жағдай жасалмайтыны белгілі. Сол себепті анасы Эльмира ұлына ай сайын 500 мың теңге жіберіп отырады. Тамақты арнайы мекемелер арқылы сатып алуға мәжбүр.
Сондай ұйымдардың бірі мені бір рет алдап кетті. Ақшаны алды да, ізім-ғайым жоғалды. Адвокат қолы бос кезде Қырымнан келіп, Тұранға азық-түлік жеткізіп береді. Қазір басқа бір ұйым таптық. Олар Тұранға қажет өнімдердің бәрін сатып алды. Бірақ ол сол азық-түліктің барлығын толық алып жатыр ма, жоқ па? Білмеймін, — дейді Эльмира.
Эльмира ұлымен тек адвокат арқылы ғана байланысып отыр. Хаттарды мессенджер арқылы жолдайды. Ал Тұранның дауысын анасы тек тұтқынға түскен күні бір-ақ рет естігенін айтады.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Тұранның анасымен байланысқа шыққан. Мәскеудегі елшілік оқиғаны ушықтырмай, сабыр сақтап, күтуді ұсынған. Алайда Эльмираның айтуынша, әзірге нақты нәтиже жоқ.
BM.KZ редакциясының ресми сауалына жауап берген Сыртқы істер министрлігі бұл бағытта барлық мүмкін шаралар қолға алынып жатқанын жеткізді.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен еліміздің Ресейдегі елшілігі Ресейдің құқық қорғау органдары тарапынан ұсталған Қазақстан азаматы Т. Устюговтың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Жауапты дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдерімен, адвокатпен және Туранның жақын туыстарымен тұрақты байланыста. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, азаматтардың ел аумағынан тыс жерлерде жалдамалы жауынгер ретінде қарулы қақтығыстарға қатысуы қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдейміз», — делінген редакция сауалына берілген ресми жауапта.
Ақша аударудағы қиындықтар
Көрші елге қаржы жіберу – оңай шаруа емес. Алаяқтарға алданып қалу қаупінен бөлек, аударым кезінде түрлі комиссиялар мен салықтар қосылып жатады. Оның үстіне, Эльмира Жаңабаева ай сайын қомақты сома аударатындықтан, валюта айырбастағандағы айырмашылық та айтарлықтай шығын әкеледі.
Саясаткер Серікжан Мәмбеталин мен Тұранды танитын ресейліктердің көмегімен мен Ростове-на-Донудан сенімді адвокаттар таптым. Солардың біріне ай сайын 2 миллион 570 мың теңге аударамын. Ал екіншісіне әр ай сайын 150 мың рубль жіберіп отырамын, — дейді Эльмира.
Адвокаттарға кететін орасан шығын Эльмираны демалыссыз еңбек етуге мәжбүрлеп отыр. Жағдайды одан сайын қиындатқан жайт — күтпеген жерден оның банктік есепшоттарының бұғатталуы. Сол себепті аударымдарды ұлдарының бірі арқылы жүзеге асыруға тура келген.
Анасының ауыр халіне бейжай қарамаған қазақстандықтар «Қолымыздан келгенше көмектесейік» деген ниетпен қаражат жинап, шағын қайырымдылық акциясын өткізген. Алайда жиналған сома тек бір айлық адвокат қызметінің ақысын өтеуге ғана жеткен.
Кейін бұл іске саяси тұтқындарға қолдау көрсететін құқық қорғау ұйымы — «Мемориал» араласты. Аталған тәуелсіз жоба Тұранның қорғаушыларына 120 мың рубль аударған. Алайда бұл көмектің де кедергісіз жетуі мүмкін болмады: Ресей заңнамасына сәйкес, бұл қаражат «сый ретінде» рәсімделіп, оған 40 пайыздық салық салынған.
Басты мақсат — Қазақстанға қайтару
Қазір Эльмира Жанабаеваның бар ойы — ұлын елге қалай да қайтару.
Алайда ұлымды елге қайтару туралы айтуға әлі ерте. Қазіргі уақытта біз сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым бердік. Апелляция қаралып жатқан кезеңде айыпталушылар тергеу изоляторында қалады. Сондықтан бұл әрекеттердің бәрі — Тұранды колонияға жөнелту мерзімін кейінге шегеру үшін жасалып отыр. Біз оны сот процесі аяқталып, Қазақстанға ауыстыру мүмкіндігі туғанға дейін тергеу изоляторында ұзағырақ ұстауға тырысып жатырмыз. Осы мақсатта мен ҚР Бас прокуратурасы мен Сыртқы істер министрлігіне бірнеше өтініш жолдадым. Қазір солардың жауабын күтіп отырмын, — дейді Эльмира.
Тұранның анасы үшін алаңдайтын себептер аз емес. Ұлы соғысқа қатысқан украин азаматтарымен бір камерада отыр, ал Ресей түрмелерінде мұндай тұтқындарға ерекше қатыгездік танытылатыны белгілі. Айта кетерлігі, Тұран — Ростов-на-Донудағы сот үкімі шыққан жалғыз қазақстандық. Анасының сөзінше, оған «Жау жақтың өкілі» ретінде қарап, қысым мен теріс көзқарасты толықтай сезініп үлгерген.
Адам құқықтары жөніндегі сарапшы Евгений Жовтистің айтуынша, Тұранды Қазақстанға қайтаруға теориялық тұрғыда мүмкіндік бар. Бұл ретте ол өзі бұрын басшылық еткен Қазақстанның Халықаралық адам құқықтары бюросының тәжірибесін мысалға келтіреді. Ұйым кезінде Өзбекстанда есірткі саудасына қатысы бар деп айыпталып, өлім жазасына кесілген екі қазақстандықты құтқарып қалған. Жовтистің командасы олардың бұл іске қатысы жоғын дәлелдеп, нәтижесінде олар елге оралған.
Біздің ұйым — адам құқықтарын қорғайтын ұйым, сондықтан отандастарымызға нақты көмек көрсету бойынша бізде айрықша өкілеттіктер жоқ. Бұл — Конституцияға сәйкес мемлекеттің міндеті. Тиісінше, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтарын қорғаумен Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратура айналысуы тиіс, — деп түсіндірді заңгер.
Оның айтуынша, Тұранға қатысты жағдайға ықпал етудің жалғыз жолы — Қазақстан мен Ресей билігінің арасындағы келісім.
Теориялық мүмкіндік, әрине, бар. Себебі Қазақстан мен Ресей арасында жазасын өз елінде өтеу туралы тиісті келісім бар. Бірақ бұл – басты фактор емес. Бұл жерде негізгі рөлді екі ел билігінің арасындағы келіссөздер атқарады. Азаматты Қазақстан аумағына жазасын өтеу үшін беру-бермеу мәселесін жоғары лауазымды тұлғалар ғана шеше алады, — деді ол.
Бір мүмкіндік беріңіз, Путин мырза!
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис Тұран Устюговқа шығарылған үкімнің тым қатаң болуын мемлекеттің позициясын көрсетуге бағытталған қадам деп санайды.
Ресей билігі Украина жағында соғысқысы келетін кез келген адамға қатысты қатаң саясат ұстанатынын ашық аңғартты. Бұл — көрші мемлекеттердің, соның ішінде бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің азаматтарына жасалған ескерту. Бізге беріліп отырған белгі – тіпті ниеттің өзі «террористік ұйым қызметіне қатысу» ретінде бағаланып, кем дегенде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғуы мүмкін, — деді Жовтис.
Тұран Устюговтың анасы Ресей Президенті Владимир Путиннен ұлын Қазақстанға беруін сұрап, өтініш хат жолдады. Хаттар Ресей президенті әкімшілігінің ресми электрондық поштасына жіберілген.
Адвокаттарға 15 миллион теңгеден астам қаражат жұмсадым. Бар тілегім — жанашырлық пен түсіністік. Бұл жағдай тек менің жүрегімді емес, көптеген қазақстандықтың жанын ауыртып отыр. Тұранның балалық шағы да, жасөспірім кезеңі де жеңіл болған жоқ. Әкесі ерте қайтыс болды — ол кезде Тұран мектепте оқитын. Мүмкін, сол ауыр қайғы оның өмірлік бағдарын жоғалтып, рухани күйзеліске ұшыратқан болар. Бірақ шын мәнінде, ұлым — жүрегі жұмсақ, сезімтал бала. Оның әрекетін жасөспірімдік максимализм деп қабылдауға болады. Ол өз қатесін түсініп отыр, өмірден үлкен сабақ алды. Соны ескере отырып, оған тағы бір мүмкіндік беріңіздер. Ол өмір сүргісі келеді. Қазір уақытының көбін Інжіл оқуға арнап, Құдайға үміт артып отыр. Жасаған ісінің ауыр қателік екенін жан-тәнімен ұғынады, — дейді Тұранның анасы Эльмира Жаңабаева.
Ол өтінішінің тиісті мекенге жететініне сенімді.
Біз бұл соғысқа бейтарап қараймыз. Өйткені біз — бұл елдердің азаматтары емеспіз. Мен Тұранға бұл — біздің соғыс емес, біз өз өмірімізді сүріп, өз еліміз үшін жауапты болуымыз керек деп түсіндірдім. Бірақ ұлым мені тыңдамады, — деді Эльмира Жаңабаева берген сұхбаттарының бірінде.
