Астана. 24 қыркүйек. BM.KZ – Қазақстанда қабылданған жаңа Салық кодексі шағын бизнеске жеңілдік беріп, әкімшілік жүктемені азайтады.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, жеңілдетілген салық режимі салық төлеушілердің 70%-ына сақталады. Дәріхана, қоғамдық тамақтану, қонақ үй, жолаушылар тасымалы, балабақша және тұрмыстық қызмет көрсету сияқты 300-ден астам қызмет түрі жеңілдетілген тәртіппен жұмыс істей береді.
Ал ірі компаниялар – құрылыс, жер қойнауын пайдалану, телекоммуникация, қаржы, IT және ірі сауда нысандары жалпыға бірдей салық режиміне ауысады.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, жаңа кодекстің басты өзгерісі – банктік шоттарды автоматты бұғаттау тоқтатылады. Оның орнына алдын ала тексеру енгізіліп, кәсіпкерлерге қателікті түзетуге мүмкіндік беріледі.
Сондай-ақ кодексте зейнетақы төлемін ЖТС-тен босату, 10 жылдан асқан көлік салығын азайту және мүгедектігі бар адамдарға қосымша жеңілдіктер қарастырылған.
